Жалпыұлттық «Қайырымды істер марафоны» жобасына Бәйтерек ауданының жас спортшылары да атсалысуда. Жуырда Ақылбек Турағалиев баптайтын жас футболшылар спорт ардагері Иван Юнусовтың үйіне барып, оның ауласын реттеп, көң-қоқысын тазалауға көмектесті.
Ауыл футболшыларының ісіне разы болған Иван Леонидович спортшыларға ақжарма тілегін білдірді.
Игі бастаманы Макаров ауылының жеткіншектерін грек-рим күресіне баулып жүрген бапкер Владимир Шевченкода іліп әкетті. Ол шәкірттерімен бірге кезіндегі Приурал ауданында грек-рим күресінің негізін қалаған, бар өмірін спортқа арнап, зейнеткерлік жасқа шыққанға дейін Петров ауылында спорт әдіскері қызметін атқарған Владимир Осиповтың шаңырағына барып, спорт ардагерінің ауласын реттеуге қолғабыс қылды.
Бұл бастамадан ауданның жас волейболшылары да қалыс қалмады. Жас бапкер Бекежан Жұмағалиевтің қол астында жаттығатын волейболшылар Янайкин ауылында тұратын Анастасия Шарапа атты кейуанаға көмек қолын созды.
Аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері де аталмыш акциялар жас спортшылардың бойында отансүйгіштік пен қайырымдылық қасиеттерін қалыптастыруға сеп болатындығын айтады.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress