Сәуірдің 18-інде қалалық демалыс саябағында сергектікті серік еткен спортшылар арасында 10 шақырымға жүгіруден жарыс өтіп, оған 30 желаяқ қатысты. Арасында Атырау облысынан келіп қатысқан қонақтарымыз да болды.
Жарысты ұйымдастырушылар – БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы және облыстағы еріктілер қозғалысы. Жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «30 қайырымдылық іс» республикалық марафоны аясында ұйымдастырылды.
«Сайысқа қатысушылар арасында халықаралық турнирлердің жеңімпаздары да бар. 18-ден 50 жас аралығындағы желаяқтар қатысуда. Барлық санитарлық талаптар қатаң сақталды», - деді әзірбайжан этномәдени орталығы жанындағы жастар қанатының төрағасы әрі еріктілер қозғалысының көшбасшысы Элгун Джаналиев.
Сайыс соңында алғашқы 6 орынды иеленген жеңімпаз-жүлдегерлерге алғысхаттар мен ақшалай жүлделер табыс етілді.
zhaikpress