Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде үлкен жарыстарда өңір намысын қорғап жүрген спортшы қыздар аз емес. Бұл жолғы жеңіс жалауын Риза Сүлейменова мен Виолетта Филиппова желбіретті.
Риза Сүлейменова – университеттің «Экономика, ақпараттық технологиялар және кәсіби білім беру» институтының «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру» мамандығының 1-курс студенті. Ол 22-25 сәуір аралығында Семей қаласында самбо күресінен өткен 2001-2002 жылы туған жастар (қыздар) арасындағы ҚР чемпионатында жүлделі 2-орынды иеленді. Риза ел чемпионатында 72 келі салмақ дәрежесінде өз бағын сынап, жүлдегерлер сапынан көрінді.
Виолетта Филиппова да «Бастапқы әскери дайындық және дене шынықтыру» мамандығы бойынша 2-курста білім алуда. Ол – БҚО-ның «Грация-KZ» волейбол командасының құрамында өз шеберлігін көрсетіп жүрген ойыншы. Батысқазақстандық волейболшы қыздар жуырда Тараз қаласында өткен жоғары лигадағы әйелдер құрамасы арасындағы волейболдан Қазақстан Республикасы ХХІХ чемпионатында жеңімпаз атанғаны белгілі. Құрамында өз шәкірттері өнер көрсетіп жүрген батысқазақстандық волейболшы қыздардың жеңісіне Жәңгір хан университетінің ұжымы да қуануда.
Университеттің медиа-орталығы