Деркөл кентінің әкімі Жұбан Жұмағалиевтың айтуынша, 1 мамырдан бастап «Ең үздік көше»,«Ең үздік аула» байқауы жарияланбақ. Байқау мақсаты – тұрғындар бірлігін нығайтып, олардың тазалыққа қатысты жауапкершілігін арттыру, қоғамдық санитарлық тазалықты кеңінен насихаттау және кент аумағын көгалдандыру мен көріктендіруге белсенді атсалысып, ортақ тазалықты сақтауда ерекше көзге түскен көшелер мен аулаларды анықтау.
– Байқау шарты бойынша қатысушылар кентіміздегі көшелері мен көп қабатты үйлері түсірілген бейнематериалмен 10 данадан кем емес фотосурет жолдауы керек. Тазалық айлығы бойынша қысқаша мәліметті қосымша беру қажет. «Ең үздік көше» сайысы кентіміздің шағын аудандары мен ауылдарында бөлек ұйымдастырылса, «Ең үздік аула» байқауына осы аумақтағы кез келген көп қабатты тұрғын үйі қатыса алады. Бір ай бойы сарапқа түсетін байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздарға алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар беріледі. Байқауға қатысуға ниет танытқандар біздің қалалық байланыс телефондарымыз арқылы (24 00 98, 24 00 89) толық ақпарат сұрауына болады. Уатсап желісі (8 775 730 92 12) бойынша да материалдар қабылданады, - деді Жұбан Жұмағалиев.
Әкімнің мәліметіне қарағанда, санитарлық-экологиялық айлық аясында Деркөл кенті аумағында төрт рет өткізілген сенбілікке 657 адам қатысқан. «Жайық таза қала» ЖШС-ның техникаларымен 636 текше метр қоқыс шығарылды. Деркөл кентінің аумағында орналасқан мекеме-кәсіпорындарға көшет отырғызу және оны баптап-күту тәсілі жазылған нұсқаулықтар таратылды.
zhaikpress