Елімізде екі бөлек ұлттан жұптасып, бақытты әрі тату-тәтті өмір сүріп жатқан отбасылар қаншама?! Сондай отбасылардың бірі Шыңғырлау ауданында тұратын Шекетасовтар әулеті. Отағасы Темірлан қазақ болса, жан жары Линара татар ұлтының қызы. Екі ұлттың басын біріктіріп, екі дәстүрді, екі мәдениетті тоғыстырып отырған жас отбасы ауызбіршіліктің, татулықтың айқын үлгісіне айналып отыр. Жас та болса көпке үлгі болып жүрген жастар бүгінде екі бала тәрбиелеуде. Жақын-жуықтарының, барша отбасы мүшелерінің көңілін тауып жүрген Линара қазіргі таңда «Патриот» супермаркетінде қызмет атқарады. Ал Темірлан болса, «Домострой» сауда үйінде жұмыс жасап жүр.
Талай жыл бойы өзге дәстүрмен, өзге салтпен өмір сүріп келіп, басқа отбасының дәстүрімен өмір сүру оңай емес. Ол адамның қайсарлығына, шыдамдылығына байланысты.
«Осындай кішкене мәселелерге қарамастан бойымда ешқандай қорқыныш болған жоқ. Жан жарыма сенгендіктен, бойымда үрей, сенімсіздік болмады. Келін болып түскен сәттен бастап, шаңыраққа сіңісіп кетуге барынша тырыстым», - дейді Линара.
Тетелес өскен екі жастың отасқандарына 3 жыл. Екі ханшайымға ата-ана болып, қазіргі таңда үлгі тұтарлықтай отбасыға айналған Шекетасовтар әулетінің отағасы Темірлан жан-жары Линарамен бақытты екендігін жеткізді.
«Линараны әулетім де, жақындарым да жақсы қабылдады. Маған екі періште сыйлаған Линара – нағыз қазақ келіндеріне үлгі боларлықтай жан деп білемін», - дейді Темірлан.
Қазақ отбасына келін болудан қорыққан да, қашқан да жоқпын деген Линара: «Қазақ отбасына келін болып қиналған жоқпын. Себебі, қазақ халқының салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан жақсы хабардармын, өзіме ұнайды. Енем маған көп көмектесті. Өмірде ененің тәрбиесінің орны бөлек. Ол кісі үлкен кісілерге иіліп сәлем беру, үйде орамал тағу, үлкен кісілердің шаңырағына барғанда орамал тағып бару, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге үйретті. Одан жаман болмайтынымыз анық. Темірлан екеуміз қандай тірлікті қолға алсақ та, қайда барсақ та ата-анамыздың батасын алып жүреміз. Олар да ешқашан бетімізден қақпай, үнемі қолдау білдіріп келеді», - деп өз ойын білдірді.
А.Лекерова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress