30.04.2021, 19:33
Оқылды: 53

Бөрліде келісім жиыны өтті

Бөрлі аудандық мәдениет үйінде 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Бөрлі аудандық қоғамдық келісім кеңесінің  отырысы өтті. Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктер төрағалары жиналған отырысқа аудан әкімі Миржан Сатқановтың өзі төрағалық етіп, жиналғандарды алдымен мерекемен құттықтады.

F60FF5A0-C044-4B35-8D12-89656A692042

Осы орайда жиынға қатысқан этномәдени бірлестіктерді жекелей атап өтер болсақ, олар: «Мирас» қазақ мәдени бірлестігі, «Сарман» татар, «Ялгат» финно-угор, «Приуралье» орыс, «Юлдуз» өзбек, «Хуторок» украин, «Тонг-иль» корей, «Қурай» башқұрт, «Достық» әзірбайжан этномәдени бірлестіктері.

«Ең алдымен, баршаңызды берік достығымыз бен тұтастығымыздың, адал ниетіміз бен мақсат-мүддеміздің бірлігінің символына айналған 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің еңсесі биік, әр шаңырақта ынтымақ пен ырыс мол болсын!»,- деді аудан басшысы өз құттықтауында.

EBBDE190-603C-4392-BD69-DDEB9DEA8441

Сонымен бірге отырыста аудандық қоғамдық келісім кеңесіне осыған дейін төрағалық етіп келген Бақыт Окаеваның тұрақты мекенжайын ауыстыруына байланысты (Алматы қаласына көшті), кеңестің жаңа төрағасын сайлау қажеттілігі туындағаны айтылып, осы қызметке өмірлік тәжірибесі бай, аудан тұрғындарының арасында сыйлы, ауданның Құрметті азаматы Әли Бектұрғановты лайықты көріп, ұсыныс жасалды. Кеңес мүшелері және этномәдени бірлестіктер төрағалары бір ауыздан қолдап, Әли Мынжанұлына аудандық, ауылдық, сонымен қатар еңбек ұжымдарындағы қоғамдық келісім кеңестерін ортақ іске жұмылдырып, өзіне тән жоғары ұйымдастырушылық қабілетімен жақсы нәтижелерге қол жеткізеді деп сенім білдірді.

98E243BD-9149-4DAA-9731-E144C5C24DA3

Аталған отырыста этномәдени бірлестік өкілдері де сөз алып, барша қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғаса беруіне тілектестік білдірді.

«Күні бүгінге осы кеңестің өкілдері ауылдарда билікпен бірлескен жұмыстарын атқаруда. Алдағы уақытта, кеңес жұмысы одан әрі жандана  түседі деген сенімдемін.

«Қазақстандағы қоғамдық келісім – ең алдыменен қазақтың келісімі»,  осыны естен шығармай, көпұлтты мемлекетіміздегі ел иесі ретінде берекелі бірлікке бас болып,  барлығымыз ынтымақта еңбек етуіміз керек.

Себебі біздің Отанымыз - Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылықтың, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі»,- деді аудан әкімі тағы да сөзін жалғап.

Жиын соңында Миржан Мұнайдарұлы осыған дейін шараларға белсене қатысып, мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, достықтың нығаюына үлес қосып жүрген бір топ жастарды алғысхатпен марапаттап, естелік сыйлықтар тарту етті.

 Сәнім Меңдібай,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале