Тасқала ауданының тумасы Ғариф Сатиевті ауылдастары желаяқ спортшы ретінде жақсы таниды. Алматы қаласында тұратын танымал марафоншы Оян ауылында туған. 1979 жылы Орал қаласындағы ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, ауылда сегіз жыл қызмет еткен. Студент кезінен күреспен айналысқан ағамыз облыс деңгейінде өткен жарыстарда талай мәрте қанжығасы майланған. 1987 жылдан Алматы қаласында тұрады. Спортпен шұғылданудың ешқашан ерте-кеші болмайтынына кейіпкеріміздің өмірі дәлел. 49 жасынан жүгірумен айналыса бастаған Ғариф Ғарифоллаұлының бүгінде жетістіктері бір төбе.
Саралап қарасақ, сегіз рет халықаралық марафонға қатысып, шашасына шаң жұқтырмаған. Өзінің жас шамасына сай үнемі 1-орын алып жүрген ол екі мәрте Орал қаласында өткен жарыста да жүлделі орынды еншілеген. Мұндай олжалы сәттер Ғариф ағайдың өмірінде көптеп саналады. Туған жері Тасқала ауданында да жүгіруден жарыс ұйымдастырған екен. Бүгінде марафоншының жасы 64-те. Артық қырым еті жоқ, сымдай тартылған спортшының дәрі-дәрмекті пайдаланбай келе жатқанына он жылдың жүзі болыпты.
– Жүгіру денсаулыққа өте пайдалы. Адам терлеген кезде ауру атаулысы терімен бірге сыртқа шығады. Спорттың арқасында денсаулығым жақсы. Осы уақытқа дейін бір рет Ташкент қаласында өткен халықаралық марафонда, екі рет Орал қаласында, бес-алты рет Алматы қаласында өз жасыма сай үлкен қашықтыққа жүгіріп, жүлделі орындарды еншіледім. Елуден аса мемлекет қатысқан бұл жарыста да бағым жанды. Ең бастысы, тәртіп пен шыдамдылық керек, – дейді ол.
42 шақырымды бір, 21 қашықтықты үш мәрте жүгіріп өткен екен. Калыпты арақашықтығы 10 шақырымды құрайтын көрінеді. Бұл қашықтықты зейнет жасындағы спортшы 47-49 минутта бағындырады. Таңданбай көріңіз! Қарулы жас жігіттердің өзін шаң қаптырған. Он бес жылдан бері үздіксіз жүгіріп келе жатқан Ғариф ағайдың өмірінде керемет естеліктер сақталған. 59 жасында белгілі актер Тәуекел Мүсіліммен бірге 10 шақырымды 48 минутта жүгіріп өткен. Тәуекел Ғариф ағаймен бірге фотоға түсіп, оны инстаграм парақшасына жүктеп: «Қасымдағы Ғариф ағаммен бір уақытта жүгіріп келдік. Ағам 59 жаста. Жас жігіттердей қауқары бар. Ағаларымыз осылай әлді болып жүре берсін! Бізге сол кісілердің жолын берсін!» деп жазған екен.
Сондай-ақ Сидней олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрайымовпен де жолдары осы спорт алаңында табысқан. Азия чемпионы Марат Балғабаевты да жақсы таниды. Бірге жаттыққан кездері болған.
Спортшы бала кезінде өте момын болыпты. Бірақ өзі қатарлы балалармен төбелесте есесін жібермейтін шақарлығы да бар екен. Ештеңеден қорықпайтын, тәуекелшіл азамат жоғары сыныпта оқыған кезінде досы екеуі «Жүгірген адамның бойы өседі» дегенді құлағы шалып, ауылдағы бәйгеге ат қосатын жерде 5-6 шақырым жүгірген екен. Бұл оның кейін осы спортқа оралуына түрткі болғаны анық. Әрі институтта күрес үйірмесіне қатысқанда турникке күніне 25-30 рет тартылған екен.
Қазіргі 64 жасында турникке он шақты мәрте тартылатын спортшы шетелдіктермен де бірге жүгіргені бар. Медеу айдынында 21 шақырымды немістің желаяғымен қатар қалыпты ырғақпен жүгіріпті. Жастары шамалас. Жолай серіктесі бірнәрсе айтқанымен, оның не дегенін ағамыз түсіне алмайды. Бірақ одан озып кетпей, артта да қалмай, мәреге бірге жетеді. Бұған риза болған шетелдік азамат аудармашы арқылы оның алға озып кетпегеніне алғысын білдіріпті.
Барша ауылдастарды спортпен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыратын марафоншы карантин кезінде де таңғы сағат 05.40-та тұрып, 4 шақырым жүгіріп қайтады. Ал сенбі, жексенбі күндері Шамалғанда, тауда саф ауамен тыныстап, ондай кезде 10-15 шақырымды еркін меңгереді.
Алматыға келіп, алғаш марафонға қатысқаны еріксіз еске түседі. Сонда жарысты ұйымдастырушы: «Бізде мықты спортшылар бар, жүлде аламын деп аяғыңызды ауыртып алмаңыз», – дейді әзіл-шынын араластырып. Сонда намысшыл, қайсар ағамыз: «Мен де спортпен айналыстым. Олардан қай жерім кем?!» – деп бұл жарысқа қатысып, алғашқы жүлдесін алған екен. Бүгінде оның бәрі өткен күннің естелігі боп санада жаңғырады. Үлкен жарыстарға бастаған алғашқы қадам шағын ауылдағы алаңқайда басталғанын спортшы ағамыз естен шығарған емес. Әрдайым жүгірудің пайдасы жайында айтудан жалықпайтын Ғариф аға енді Оралдан Тасқалаға жүгіріп жетуді алдына мақсат етіп қойған.
Гүлнар Тасболатқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz