5.05.2021, 17:07
Оқылды: 61

«Менің көшем» мәдени-танымдық сағаты өтті

Шалқып аққан Шежін еді,

Әр төбесі шежірелі.

Сенде туып, сенде өскендер,

Ең бақытты сезінеді, - деп Шәки ағамыз жырлағандай, ауылымыз жылдан-жылға өсіп, өркендеп келеді. Биылғы жылы ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. Айтулы мереке қарсаңында ауылымызда көптеген игі істер атқарылуда. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қоғамның жаңғыруы, әр адам санасының өсуі қуантады. Осы орайда Шежін ауылдық модельді кітапханасында «Менің көшем» атты мәдени-танымдық сағаты өтті.

 менің көшем (1)

Шара барысында ауылдағы Баймырза Карменов атындағы орталық көше насихатталды. Карменов Баймырза 1897 жылы Жаңақала ауданының 9-шы ауылында дүниеге келген. Қазақтың 1-үлгілі атты әскер полкінің командирі, 1916 жылға дейін жалшылықта болған. Баймырза 1918 жылы азамат соғысына қатысқан. 1919 жылы желтоқсанда Ордаға Анохин бандылары шабуыл жасағанда қызыл партизандарды бастап, жалғыз оғы қалғанша ақтарға қарсы тұрған жауынгер. 1921-22 жылдары Жаңақалада қылмыстыларды іздестіру агенті болып қызмет атқарған. Бандылармен күресті. Азамат соғысынан кейін ауданда, округте милиция бастығы және тағы басқа да жауапты қызметтерді атқарған. 1932 жылдан бастап кеңшар, МТС директоры, аудандық жер бөлімінің бастығы болған. Өмірінің соңғы жылдарында Тасқала ауданындағы «Нариман» ұжымшарында басқарма бастығы болып қызмет еткен. 1935 жылы тамыз айында жау қолынан қаза тапты. Талдыбұлақ ауылында ескерткіш зираты орнатылған.

тас

«Ауылдағы Б.Карменов атындағы көше өте көрікті, әдемі көше екенін және бұл көшеде бірнеше соғыс, еңбек ардагерлері көп жылдар бойы тұрғандығы туралы, сонымен қатар түрлі нысандар «Қызылжар» шекара заставасы, ФАП, жатақханасы, қазақтың қара домбырасы мүсіні, балаларға арналған ойын алаңы, мұз айдыны алаңы, Жеңіс аллеясы, жазғы сахна, мәдениет үйі, кітапхана, мектеп, АТС – бәрі де осы көшеде орналасқан. Көшеге тасжол төселіп, жол кедергілері мен белгілері қойылған. Түнгі жарық шамдары өте сәнді, талғаммен жасалып, түрлі түсті жарық сәулесін шашып тұрады. Күні кеше жасыл ағаштар отырғызылып, көшенің сәні тағы бір көркейді. Осы көшеде 43-ші көктемімді қарсы алып отырмын», - дейді кітапхананың тұрақты оқырманы, зейнеткер ана Балғаным Хатепова.

 

М.Жұмашева,

Шежін ауылының тұрғыны

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале