Бүгін Ақсай қаласында 126 пәтерлік 9 қабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Бөрлі ауданы әкімі Миржан Сатқанов пәтер иелеріне салтанатты түрде кілт табыстап, жүрекжарды лебізін білдірді.
«ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына жолдауында «Азаматтарымыздың тұрғын үй жағдайын жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды» деген болатын. Президент тапсырмасына сәйкес, ауданымызда тұрғындарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ету үшін жаңа тұрғын үйлердің құрылысы белсенді жүргізілуде. Бүгін міне, соның куәсі өздеріңіз. Көптен күткен үміттеріңіз ақталды. Барлық пәтер иелеріне үйлеріңіз қуанышқа, шаттыққа толы болсын дегім келеді»,- деді аудан әкімі өз сөзінде.
Бұдан соң аудан басшысы жаңа пәтер иесінің бірі Айнұр Қуанышқалиеваның шаңырағына бас сұғып, құтты болсын айтып, қысқа толқынды пеш сыйға тартты.
Айнұр - жолдасы өмірден ерте озып, қызын өзі өсіріп отырған жалғызбасты жас ана.
- Бүгін қызымыз екеуміз үшін өте ерекше күн. 2017 жылдан бері салымшылар қатарына қосылып, бүгін осындай қуанышқа кенеліп отырмыз. Енді бұрынғыдай пәтер жалдап тұрмаймыз, себебі өз баспанамыз бар. Күн санап көркейіп келе жатқан аудан басшылығына да айтар алғысым зор. Бүгін арнайылап келуінің өзі бізді шынымен қуантып тастады. Әрине, "қызымның әкесі де жанымызда болғанда ғой" деген орындалмас арманым бар. Дегенмен, бұл өмір, - дейді Айнұр.
Үйлерінің кілтін қолдарына алған пәтер иелерінің қуаныштарында шек жоқ.
Айта кетсек, аталған тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын сәтті жүзеге асырған - «Лидер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz