Қоршаған ортаны ластанудан қорғау мақсатында Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы «Таза жағалау» акциясын ұйымдастырды. Акцияға аудан жастары мен еріктілер қозғалысының мүшелері белсенді қатысып, ауданда орналасқан су айдындарының аумағында тазалық жұмыстарын жүргізуде.
Жастар өзен, көл жағалауларын қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жиналған қоқыстарды арнайы техника көмегімен қоқыс орындарына шығарды.
- Акцияның мақсаты – қоршаған ортаның ластануына жол бермеу және көпшілікті экологиялық тазалықты сақтауға шақыру. Аталған акция Мичурин, Трекин, Сұлукөл ауылдары мен Октябрьское елді мекенінде ұйымдастырылып, жастар белсенді қатысты. Алдағы уақытта тазалық жұмыстары өз жалғасын таппақ, - дейді жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Жанар Асылбекқызы.
Жиналған қоқыстың көп бөлігі шыны ыдыстар мен пластикалық бөтелкелердің болғанын айтқан ұйымдастырушылар аудан тұрғындары мен демалушыларын қоршаған ортаға жанашырлық танытуға шақырады. Көктем келіп, табиғат аясында демалушылар көбейді. Сол себепті әр азамат өзі отырған орынды жинап, қоқыстарын лақтырмаса екен.
Аружан Аманжол,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress