Дәстүрлі әнші, термеші Бүкілодақтық телевизиялық байқаулардың лауреаты Амангелді Ғұбайдулиннің 70 жылдығына арналған оқушылар мен жасөспірімдер арасында «Амангелді, ақтаңгер, ән дүлдүлі» атты облыстық онлайн байқау өтті.
Аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауға А.Ғұбайдуллиннің шәкірті, Батыс Қазақстан облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы филармонияның әншісі, «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» Қайрат Какимов, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Марабай Құлжабай атындағы аймақтық, республикалық термешілер байқауының лауреаты, «Ғарифолла Құрманғалиев», «Еңбек даңқы», «Мәдениет майталманы», «Қадыр Мырза Әлі» атындағы төс белгілелерінің иегері Мұмабет Мамықов, Амангелді Ғұбайдуллин атындағы облыстық дәстүрлі әншілер байқауының бас жүлде иегері, облыстық, республикалық байқаулардың лауреаты, Д. Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің терме сыныбының оқытушысы Бейбіт Қажығалиев қазылық етті.
Онлайн түрде өткеніне қарамастан, тартысты өткен байқауда ІІІ орынға оралдық Ә. Дагаров, теректілік А.Темірғали лайық деп танылса, ІІ орынды жалпақталдық Ә. Едресов пен оралдық Н.Құспанова иемденді.
Жерлесіміз Д.Исламғалиға І орын бұйырса, оралдық Ә.Айтбай бас жүлдеге ие болды.
Байқау барлық санитарлық талаптарға сай өткізілді.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы