27.05.2021, 10:00
Оқылды: 53

«Ел болам десең, контентіңді ретте!»

Бүгінде әлеуметтік желілер мен басқа да ақпарат көздерінсіз адам өмірін елестету қиын. Бірі желіде білім алса, бірі сауда жасайды, ал енді бірі уақыт өткізеді. Соңғы жылдағы пандемия ғаламтордың қызметін тіптен арттыра түсті десек, артық айтқанымыз емес. Біз білетін көп жүйелерге өзгерістер еніп, қызметтер мен оқу-білім беру процестері онлайн форматқа көшті. Үлкенді-кішілі болып ғаламторға телміргендіктен танымал әлеуметтік желілердің трафигі екі есе арта түсті.

 контент

Қоғам әлеуметтік желінің ерекше рөліне бой үйреткенімен, бұл жағдай бірқатар мәселелер тудырады. Олардың бірі – санасы жаңадан қалыптасып келе жатқан балаларға ұялы телефон мен компьютерлердің әсері. Электронды платформаларда мультфильмдер мен видеороликтер көруге бейім бүлдіршіндер бүгінде жаңа тенденциямен жетіліп, желіге жас кезінен әуес болуда. Әрине, интернет желісінің пайдалы жағын өз ыңғайыңа жығып, жүйеден көп дүниелерді үйренуге, өзіңді дамытуға болады. Бірақ өскелең ұрпақты ғаламторға байлап, санасы қалыптаспаған жеткіншектерді телефон мен желіден ажырата аламыз ба? Әлбетте, жоқ. Сол себептен де баланың әлеуметтік желідегі, оның ішінде көпке танымал Youtube платформасында көретін материалдарына үлкен мән беруіміз қажет.

Бала көретін видеоматериалдарды үнемі бақылап отыруымыз керек. Өйткені балалар аудиториясына арналған контенттің көбі орыс тілінде. Ал ана тіліміздегі каналдардың аздығы қазақ тілді отбасылары мен қазақ балаларына қиындық тудырып отыр. Бұл балалар тілінің орысша шығуы мен қазақша ойлай алмайтын буынның тәрбиеленуіне әкеліп соғуы мүмкін. Өйткені көретін нәрсенің барлығы өзге тілде.

Көзі қызыққан нәрсеге еліктегіш балалар арасында қазір отандық емес, көрші ел арналары мен видеолары танымалдылыққа ие. Ондағы контенттің сапасы да балаға қызық әрі әдемі әрленген. Ал қазақ тілді каналдар бар-жоғы бірнеше видеомен шектелуде. Шынын айту керек, олардың да сапасы көңіл қоншытпайды. Сондықтан да бала оны көруге құмар емес. Бұл – көпшілікке таныс платформалардағы қазақ тілді материалдардың кеңінен етек жайып үлгермегендігімен, мемлекеттік тілдегі контент көлемінің жеткіліксіздігі. Сол себепті де тіл шұбарлылығынан әлі құтыла алмай келеміз. Оны шешу үшін қазақ тілді контент жасаушыларға қолдау көрсетіп, видеолар мен балаларға арналған қызықты ақпараттарды көбейтуіміз керек. Өз тілімізде контент дамытып жатқан арналардың ең танымалы телевиденияда «Балапан» болса, ютуб платформасында «Торғай TV» және «Алдар Көсе»-мен ғана шектелген. Бұдан бөлек «Anima Book», «Bilimland Kids», «Multplaneta KZ» және жасөспірімдерге арналған «Qanekei» мен «Bloggerbek». Бұлардың ішінде алғашқы екеуі болмаса, соңғы екеуін керемет дей алмаймыз. Әсіресе, жауыр болған қала баласының ауылға келіп, үйренісе алмай кетуі жайында сериал түсірген «Bloggerbek» арнасының өнімі ұнамсыздау. Дегенмен талғамда талас болмайды.

Көп отбасының мәселесіне айналған аталмыш сұрақпен күресу үшін қазақша, сауатты каналдардың көбейюіне қолдау көрсету қажет. Өйткені цифрлық әлем қағаз бен құр сөзді жеңуде. Осы ретте ана тілдегі контент сапасын арттыру проблемасын алға қою, балаларға арналған қызықты сценарийлер жасап, ұсынып, қазақша мульфильмдердің көрсетілімін көбейтіп, қазақ тілді аниматорларды оқыту, дәстүрлі ойындар мен санамақ түрлерін видеороликтер арқылы дамыту мәселесін мемлекеттік деңгейде шешудің уақыты келгенін де ұққанымыз абзал. Әр баланың сүйікті кейіпкеріне айналған «Маша мен аю» Ресейде мемлекеттің қолдауына ие. Оның қандай тәрбие беріп жатқаны күмәнді болғанымен, видеосы ұнамды болып отыр. Сондықтан тағы да жұтылып кетпес үшін интернет дәстүрімен ер жетіп келе жатқан бала тәрбиесін желі арқылы да жүргізген жөн-ақ.  Интернетті дұрыс пайдалана алсақ, ұрпақтың бойында адамгершілік, моральдық тәрбиені сіңіріп, жас буынды дәстүрден алыстатпауға да болады. Мұхат Әуезов: «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген болатын. Қазіргі сәтте бесікпен қатар контентті де түзеген жөн. Өйткені ол – заман талабы.

 

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress

 Қанағат Белгиев.

ауыл тұрғыны:

- Негізінен баланың әлеуметтік желіде көп отыруы мәселесі төңірегінде ата-аналардың пікірлері екіге бөлінеді. Біреулері заман талабына сай бұл қалыпты жағдай десе, енді біреулері бұндай тәуелділік баланың денсаулығы мен ой өрісіне кері әсерін тигізетініне сенімді. Десе де қазіргі даму кезеңінде ғаламторсыз адам баласын елестету мүмкін емес. Сондықтан да қазір балаларымыздың әлеуметтік желі жүйелерімен тығыз қарым-қатынаста болуына етіміз үйренді. Осыдан шыға келе бала тілінің орысша шығуы ең алдымен ата-ананың жауапкершілігінде деп есептеймін. Өйткені «арбаның алдыңғы дөңгелегі қайда айналса, артқы дөңгелегі де сол жаққа қарай жүреді» деген ұғым бар. Бұдан кейін әрине ұялы телефонның беріп жатырған әсерін бақылап отыру маңызды. Бала дүниеге келген күннен бастап ұялы телефонға жармасады. Ал ол жақта барлық материалдар орысша. Youtube желісіндегі мульфильмдер мен бейнероликтердің қазақшасынан гөрі орысшасы балаға қызығырақ. Оның себебі бұл жазбалардың сапасында, дыбыс әрлеулері мен анимациясында деп есептеймін. Сол себепті қазақ тілді контенттің сапасымен жұмыстанып, бала назарына тұрарлық етіп жасау керек деп ойлаймын.

Бибигүл Ахметжанова,

Переметный ауылының тұрғыны:

- Балаларымызың ұялы телефон мен әлеуметтік желіде уақыт өткізуінен бөлек, кейінгі буынның тілінің орысша шығуы қазіргі кезде көбірек алаңдатып отыр. Youtube, TikTok желілерінде көп отыратын 3 жасар қызым орыс тілінде өлеңдер айтып, бейнежазбалар көреді. Күнделікті өмірде бейнеден көрген-білгенін қолданып, орысша сұрақ қойып, орысша жауап қайтарады. Сол себепті балалардың болашағы ата-аналарды ерекше алаңдатып отыр. Екінің бірінің қолында смартфон бар бұл заманда баламды телефоннан шектеу мүмкін емес екенін түсінемін. Ендеше осының орнына бұл жағдайдың пайдалы тұстарын көбейтіп, өзіміздің қазақ тіліндегі ертегілеріміз бен дәстүрлі ойын-сауық роликтерін көріп, тәрбие алса екен деймін.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале