24 мамырда Дубайда бокстан Азия чемпионаты басталды. Оған Қазақстан құрамасының боксшылары 10 салмақта қатысып, алтауы жартылай финалға жолдама алды.
Құрамадағы ең жас спортшы, жерлесіміз Даниял Сәбит 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шықты. Ол алғашқы қарсыласы Индонезия боксшысы Корнелиус Квангуды 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, құрлықтық біріншіліктің жартылай финалына шықты.
«Кездесу өте тартысты өтті. 1-раундты төмен нәтижемен өткізгенімді байқаған бапкерлерім бір орында тұрмай, тез қозғалуға, қарсыласыма көп жақындамауға кеңес берді. Осы әдіс-тәсілдің арқасында жеңіске жеттім деп ойлаймын. Жалпы бұл чемпионатқа жеңу үшін келдік. Сол себепті жүлдегерлер сапынан танылу үшін барымызды саламыз», - деп сұхбат берді Даниял Olympic.kz-ке.
Спортшының келесі қарсыласы филиппиндік Марк Лестер Дуренс болмақ.
Айна Имашева,
zhaikpress