4.06.2021, 11:38
Оқылды: 115

«Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы жалғасуда

Тасқала ауданында «Қайырымды істер марафоны» ақпан айынан бастау алды. Жергілікті жомарт жүректі азаматтар бастаманы үлкен ықыласпен қолдап, түрлі бағытта қайырымды істер ұйымдастырылды. Марафонның алғашқы шарасы ретінде 2021 жылғы 17-18 ақпан күндері ауыр дертке шалдыққан Ақсай қаласында тұратын Шахмаров Эмир есімді балақайдың еміне қаржы жинау үшін қайырымдылық жәрмеңкесі өткізілді. Шараға аудандағы барлық мекеме-ұйымдар, ауылдық округтер мен тұрғындар атсалысты. Жиналған қаржы бірден көпшіліктің көзінше саналып, баланың анасының есепшотына аударылды. Марафон аясында жалғызбасты қарияларға жастар өз көмектерін ұсынса, кейбір мұқтаж отбасыларға азық-түлік және өзге де тұрмыстық қажеттілікке байланысты заттай көмек ұсынылды.

94DD0426-7F70-4616-A9AA-A899BF08DE72

Биыл Мереке ауылдық округінде 23-24 ақпан күндерінде қатты аяз бен қарлы боран соғып, ауыл тұрғындарына біраз қиындық туғызды. Дегенмен осындай қиын кезеңде жаны жомарт тасқалалық кәсіпкер азаматтар елмен бірге қиындықты еңсеруге бар мүмкіндіктерін аяп қалмады. «Қайырымдылық марафоны» акциясы аясында «Али» шаруа қожалығының төрағасы Марат Баймағамбетов жеке тракторымен дауылдан кейінгі ауыл жолдарын қардан тазартып, көпшіліктің жүріптұруына жәрдем етті. Осынау қайырымды ісі үшін М.Баймағамбетовке ауылдастарының айтар алғысы шексіз.

«Қарттарым – асыл қазынам» акциясы аясында 3 тыл ардагеріне азық-түлікпен көмек көрсетілді. «Келіңіз, шай ішейік» акциясы аясында Тасқала ауданында қоғамдық жұмысшыларға ыстық шай мен тәтті тағамдар таратты. «Қайырымдылық жаса!» акциясы кезінде көмекке мұқтаж жандарға мекенжайлық көмек көрсетілді. Оян ауылында жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың ұйымдастыруымен, «Aidyn Nury» қайырымдылық қорының демеушілігімен көп балалы Әжіғалиевтер отбасына 3 бөлмелі үйдің кілті табысталды.

«Көктем» қайырымды істер апталығы аясында жақсылық шеңбері бойынша Мерей ауылының 1991 жылғы мектеп түлектері ауыр дертке шалдыққан И.Нуппаевқа 230 000 теңге ақшалай қаржы аударды. «Жүректен – жүрекке» акциясы бойынша Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Асел Мырзахметованың демеушілігімен жалғызбасты әкеге азық-түлікпен көмек берілді. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай Шежін мектебінің жас ұстаздары ауылдың жалғызбасты қариясына мейірімділік танытып, дәрі-дәрмек пен медициналық маска тарту етті. Дүниежүзілік денсаулық күніне орай денсаулық апталығын өткізді. Шара аясында 7-14 сәуір күндері Достық ауылының жастары қан тапсырды.

26 сәуірден бастап Мереке ауылдық округінің әкімшілік ғимаратында «Мереке» қайырымдылық бөлмесі ашылды. «Қайырымды істер акциясы» мұсылман қауымы үшін жылдың ең қасиетті әрі ерекше айы – Рамазан айы. Рамазан айы – Алланың ерекше ықыласы түскен, ізгі іс үшін сауабы мол он екі айдың ішіндегі қадірлі де қасиеттісі. Ауызашар берудің сауабы өте мол. «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген кісі ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Қасиетті Рамазан айында ауыз бекітіп, ораза тұтқан жандарға азық-түлік жиынтығын сатып алып, ауызашар ұйымдастырып жатқан ауыл тұрғындарына мол сауап жазылсын. Амангелді мектебінің ұстаздары қасиетті Рамазан айының соңғы онкүндігінде сауапты іске үлес қосып, сырқаттанып жатырған балалардың емделуіне жеке қаражаттарынан көмек көрсетуге шақырды. Мереке ЖОББМ ұстаздары «Балалар ауылына» (Детская деревня) барып жаңа киім-кешектер табыстады. «Бірлік III» шаруа қожалығының басшысы Ирменова Джамиля апамыз Айт мерекесі аясында Шежін ауылының 10 отбасына азық-түлік себетін тарту етті. Мұсылман қауымының Ұлық мерекесі Ораза айт кезінде жерлестеріне қамқорлық көрсеткен азаматқа ауыл тұрғындары жасаған жақсылығы еселене қайтып, іс берекелі болсын деп тілек білдірді. Орал қаласында өз кәсібінің нәсібін көріп жүрген жерлесіміз (өз өтініші бойынша атын айтпауды ұйғардық) Айт мерекесі аясында Мереке ауылының 20 отбасына азық-түлік себетін тарту етті. Мұсылман қауымының Ұлық мерекесі Ораза айт кезінде жерлестеріне қамқорлық көрсеткен азаматқа ауыл тұрғындары дән риза.

«Ардагерлерді ардақтайық» жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық көрсету, қар тазалау жұмыстарын жүргізу, мұқтаж жандарға қамқорлық жасау, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмектесу мақсатында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

А.Ғұбайдуллина,

аудандық ішкі саясат бөлімінің статисі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале