Бүгін Нидерланды корольдігіндегі ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Жұмағалиев пен Қазақстандағы Нидерландия корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс бастаған нидерландылық компания өкілдері Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен облыстық әкімдікте өткен кездесуде облыс әкімі Ғали Есқалиев нидерандылық және отандық компания өкілдерімен бас қосты. Жиынды ашқан өңір басшысы бүгінгі таңда ауыл
шаруашылығы салаларының дамуына көп көңіл бөлініп, облысымызға инвесторлар тарту үшін барынша қолайлы жағдайлар жасалып жатқандығын тілге тиек етті. Сондай-ақ, соңғы жылдары өңірімізде көкөністерді импорттау мәселесі бақылауға алынып, жылыжай кешенін салуға барынша күш жұмсалып жатқандығына да тоқталды. Аталмыш басқосуда облыстың инвестициялық мүмкіндігі туралы презентацияның таныстырылымы болып, жылыжай кешендерін салу және голландық технологияны игеру мәселелері кеңінен талқыланды.
Бүгінге дейін облыс аумағында голландиялық технологиялармен жұмыс жасайтын жобалардың ішінде үш ірі жылыжай кешенін салу жоспарланған болатын. Оның екеуі («УТК» ЖШС мен «Word Green Company») жұмыс жасап тұр. Аталмыш екі жылыжай кешені өңірдегі көкөніс түрлеріне сұраныстың 50 пайызымен қамтамасыз етіп отыр.
Бұдан кейін делегация өкілдері Теректі ауданында Пойма стансасы маңында орналасқан «Broeikas Uralsk» компаниясының индустриалдық аумағына ат басын тіреп, «Van Der Hoeven» голландық компаниясының қатысуымен 55 гектар аумақты құрайтын жылыжай кешені құрылысының алғашқы іргетасын қалады. Кешеннің қуаттылығы жылына 40 мың тонна көкөніс өсіріп, оны экспорттауға қауқарлы. Ал жобаның жалпы құны 160 млн долларды құрап отыр. Бұл кешен алдағы уақытта 500 адамды жұмыспен қамтымақ. Жылыжай кешенінің аумағына арнайы келген өңір басшысы жобаға сәттілік тіледі
- Қайырлы күн, құрметті қонақтар мен жерлестер! Бүгін біздер еліміз үшін маңызды, ірі жобалардың бірінің тұсауын кескелі отырмыз. Нидерланды корольдігінен келген Төтенше және өкілетті елшілер мен голландық инвесторлар, жергілікті кәсіпкерлер келіп отыр. Батыс Қазақстан облысында индустриалдық аймақты құру жөніндегі шешім бірнеше жыл бұрын қабылданған болатын. Былтыр Үкіметтің қолдауымен инфрақұрылым салу үшін 2,4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Сол қаражатқа сыртқы инфрақұрылымды тартып келе жатырмыз. Оның барлығы биыл іске қосылады. Нидерландылық компания өкілдері Қазақстанға зор сенім артып, Батыс Қазақстан облысын таңдады. Өйткені біздің аймақ инвесторлар тартуға қолайлы әрі әлеуметі зор. Өйткені біздің облыс Еуропаға, соның ішінде Ресейге ең жақын аймақ саналады. Сондықтан біздің транзиттік әлеуметімізді байқаған инвесторлар қызығушылықтарын танытуда. Барлық жерде мемлекет тарапынан үлкен қолдау берілуде. Әр инвестжобаның артында жаңа технологияны игеру, жастарды жұмыспен қамту, білімін жетілдіру және жұмыс орнын ашу мәселесі тұратыны белгілі. Осы 55 гектар аймақты игеру кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Бүгін алғашқы кезеңінің бастауында тұрмыз. Бұйырса жергілікті нарықты толығымен қамтамасыз еткеннен кейін, өнімді шетелге шығару мәселесін оңтайладыратын боламыз. Жобаның сәтті іске асатынына сенімдімін, жобаға сәттілік тілеймін, - деген өңір басшысы Ғали Есқалиев жоба түгелдей жүзеге асқанша қолдау көрсетуге дайын екендігін атап өтті.
Бұдан кейін «Van Der Hoeven» голландық компаниясының сату бойынша менеджері Боб Ханч пен Қазақстандағы Нидерландия корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс сөз алып, қазақстандық кәсіпкерлермен жұмыс жасауға әрқашанда ынталы екендіктерін жеткізді.
Ләззат Шағатай,
zhaikpress.kz