14.06.2021, 14:46
Оқылды: 29

Аттестат қолға алған күн

14 маусым күні өңіріміздің барлық мектебінде «Тәуелсіздік ұландары» тақырыбында мектеп бітірушілерге орта білім аттестатын тапсыру рәсімі өтті. Облыс әкімі Ғали Есқалиев облыс орталығындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен салтанатты шараға барып, түлектерді орта білім туралы аттестат алуымен құттықтады.

EB42E2AB-EE5B-4787-BB06-69EE8A744DAE

– Бүгін өңірімізде алты мыңға жуық түлекке орта білімді аяқтау туралы аттестат табысталады. Соның ішінде 425 «Алтын белгі», 213 «Үздік аттестат»  иегерлері бар. Бүгін сіздер үшін ерекше күн. Өйткені 11 жыл бойы білім берген ұстаздарыңызбен, алтын ұя мектебіңізбен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. Мен сіздердің ұстаздарыңыз бен ата-аналарыңыздың үмітін ақтап, тек облысымыздың ғана емес, еліміздің мақтанышы болатындарыңызға сенемін. Ел-жұрт сіздердің болашағыңыздан үлкен үміт күтеді. Өйткені ел ертеңі, ақылына білімі сай Тәуелсіз елдің азат ойлы жастары - сіздерсіздер! Сондықтан жауапкершілікті терең сезініп, сенім биігінен көрінулеріңізге тілектеспін. Облыс жұртшылығы атынан сіздердің жақсы азамат, білікті маман болып, еліміздің өркендеуіне лайықты үлес қосатындарыңызға бек сенімдімін. Ақ жол сіздерге!, -  деді облыс әкімі өз сөзінде.  

1BDC81EE-A758-4017-A596-34B50E2B1E13

   2012 жылы ашылған Назарбаев зияткерлік мектебінде 709 шәкірт оқиды. Оларға 125 мұғалім сабақ береді. Биылғы оқу жылында Назарбаев зияткерлік мектебін 112 түлек тәмәмдады. Оның ішінде 6 оқушы «Алтын Белгі», 14 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Қазіргі таңда 30 түлекке шетелдік университеттер өз гранттарын ұсынған. Білім ошағының үздік оқушыларының бірі Римма Давлетова әлемнің 15 жоғары оқу орнынан шақырту алған, соның ішінде 5 толық грант.

    Дәл осы күні облыс әкімі қаламыздағы №34 мектеп-гимназиясында болып, аттестаттарын қолға алған мектеп түлектеріне ақ тілегін арнады.  

88FEDC21-F7DC-4062-9839-2DCECB783552

      Биылғы  оқу жылында Орал қаласында 2285 түлек мектеп бітірді. Олардың 111-і «Алтын белігімен», 67 түлек «Үздік аттестатпен» оқуды аяқтады. Ал облыс басшысы ат басын тіреген Асан Тайманов атындағы №34 гимназиясынан 74 түлек алтын ұя мектебінен түлеп ұшпақ. Олардың 6-ы «Алтын белгі», 2-еуі «Үздік аттестат» иеленген.

    Санитарлық талап сақталған салтанатты шара соңында мектеп түлектері облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Гүлжамал Жолдығали,

zhaikpress.kz

 Сұлтан Сұлтанияз, Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі:

– 7 сыныптан бастап оқып келемін. Қазіргі уақытта Назарбаев университетінің грант иегерімін. Нұрсұлтан қаласында білімімді жалғастыруға бел буып отырмын. Назарбаев зияткерлік мектебінің ерекшелігі – оқушыларға шетелде білім алуға мүмкіндік көп. Сабақтардың біразы ағылшын тілінде өтеді. Оқушылардың үш тілді меңгеруіне көп мән беріледі. Қазір көптеген халықаралық емтихандарды тапсыруға жол ашылды. Бұл-үлкен мүмкіндік. Бізге білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз. Ел үмітін ақтап, адал еңбекпен алға қойған мақсатыма жеткім келеді.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале