Соңғы кезде Жаңақала ауданы С.Меңдешев ауылдық округінің жас палуандары облыстық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ауылдастарын бек қуантуда.
Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай қазақ күресінен 2010-2012 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында Орал қаласының ашық біріншілігі оздырылған еді. Бозкілемде 26 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ислам Жәнібек облыс чемпионы атанды. Бұл бір. Екінші, жуырда ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Қ.Мұңайтбасұлының 150 жылдығына орай Ақтөбе облысының Шалқар ауданында облыс біріншілігі өтті. Байрақты бәсекеде Карманов орта мектебінің 7-сынып оқушысы Мақсат Мұратқали 38 келі салмақта белдесіп, барлық қарсыласынан басым түсіп, жарыстың алтын жүлдесіне ие болды. Бұл - қуанарлық жетістік.
Қос жарыстың чемпионы атанған балғын палуандарды баптап жүрген қазақ күресінің жаттықтырушысы Әділет Қалиарыстанұлының да еңбегі зор. Оған жерлестері де, ата-аналар да дән риза.
Ақсұңқар Сәдір,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz