Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні Бөрлі ауданының әкімі Миржан Сатқанов аудандағы "төртінші билік" өкілдерімен кездесті. Еркін форматтағы отырысқа жиналған БАҚ өкілдері мерекелік көңіл күй мен ерекше алғысқа ие болды.
«Елдің жеңістері мен жетістіктерін насихаттауда, ауданымыздың тұрақты қоғамдық-саяси ахуалын бекемдеу ісінде журналистердің қосқан үлестері зор. Келешекте де қаламдарыңыздан туған ауданымыздың қуаныштары мен жетістіктерін қалың жұртшылыққа жеткізуге асық болатындарыңызға нық сенімдемін! Қаламдарыңыз ешқашан мұқалмайтын қарымды, айтар ойларыңыз ұшқыр да жарқын, берер ақпараттарыңыз шынайы һәм әділ болсын»,- деген аудан басшысы, ауданның мәдени-қоғамдық өміріне белсене араласып, сан алуан тақырыпта тартымды материалдар дайындап, журналистік шеберлігімен оқырман жүрегіне жол таба білген журналистерге өз атынан алғысхат, барлығына дерлік гүл шоқтары мен естелік сый табыс етті.
Шығармашыл ортаның аталған отырысында мереке иелері де сөз алып, қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбек жолдарынан естеліктер айтса, енді бірі өлең жолдарын оқыды.
Өз кезегінде аудан әкімі Миржан Мұнайдарұлы әр журналистің өзіндік стилінің бар екендігін айтып, тіпті кейбірінің қандай тақырыпта ой қозғап, қалам тербеп жүргеніне дейін атап өтті. Кездесу соңы естелік фотоға түсумен аяқталды.
Сәнім Меңдібай,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz