28.06.2021, 17:53
Оқылды: 46

БАҚ өкілдері марапатталды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні облыс әкімдігінде БҚО әкімі Ғали Есқалиев өңірдегі БАҚ басшыларымен, журналистермен кездесті. Облыс әкімі жиынға қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады.    

IMG-20210628-WA0018 –Тәулік бойы тыным таппай қалам тербеп жүрген ақпарат майданының сарбаздарына зор денсаулық тілеймін. Журналистер қауымы демократиялық құндылықтардың, қоғамымызда орын алған мәселелердің ашықтығын қамтамасыз етуде. Өркениет көшінің ілгері дамуына, елдегі шешімін таппай келе жатқан түйткілді тұстарға қозғау салуда өзіндік үлестерін қосуда. Батыс Қазақстан облысының ардагер журналистерінің салған сара жолын кейінгі толқын жастар жасампаздықпен жалғастыруда. «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор» деген алаш ардақтысы Міржақып Дулатовтың  осы сөзінен ғана журналистердің мамандығын біліп, тануға болады. Облысымыздағы қым-қуыт тірлікті, жағымды іс жаңалықтарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жеткізудегі журналистердің еңбегі зор. Олар проблемалық мақалаларды ашық көрсетіп, жергілікті атқарушы органдар мен халық арасында алтын көпір болып келеді. Сіздердің жазған әрбір мақалаларыңыз, дайындаған сюжеттеріңізде елдің мұңы мен мұқтажы жұртшылықтың ой-пікірімен ұштасып, айқын көрініс тауып отырады. Қашанда іргелі істің басынан табылатын журналистер бүкіл әлемнің тынысын тарылтқан пандемия кезінде де тұрғындарға шынайы ақпарат берді. Адамзаттың денсаулығына кеселін тигізетін қауіпті аурудың алдын алудағы, оны жеңудегі зор үлестеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Журналист болу үшін кәсіби біліктілікпен қоса, батылдық пен табандылық та керек. Жылдам әрі айшықты ақпараттарымен жаңалықтың жаршысы болып жүрген бұқаралық ақпарат қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Қаламыңыз мұқалмасын, еңбекте табысты, отбасында бақытты болыңыздар. Кәсіби қызметтеріңіз өрлеп, шығармашылығыңыз шарықтасын. Шабытыңыз сарқылмасын. Мереке құтты болсын,-деді Ғали Нәжімеденұлы.

IMG-20210628-WA0015

Салтанатты іс-шарада бірқатар облыстық және республикалық ақпарат құралдарының өкілдері ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрінің марапаттарымен марапатталды. Олардың ішінде «Жайық Пресс медиахолдингінің журналистері де бар. Атап айтқанда «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен «Жайық Пресс» медиахолдингі басшысының орынбасары Ғайсағали Сейтақ, облыстық «Приуралье» газеті бас редакторының орынбасары Лучия Курарару марапатталса, ҚР ақпарат және даму министрінің Құрмет грамотасына республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі БҚО бойынша меншікті тілшісі Қазбек Қабжанов, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұрымбек Жапақов ие болды.

DE776036-22E5-4FA0-AAF2-46DA4E669BFF

Аталған министрліктің «Еңбек ардагері» медалі облыстық «Орал өңірі» газетінің арнаулы тілшісі Есенжол Қыстаубаевқа табыс етілді. Ал Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған облыстық байқауда жеңімпаз атанған «Орал өңірі» газетінің тілшісі Гүлжамал Кенжеғалиева, облыстық «Приуралье» газетінің тілшісі Жанна Балыкова, Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір», «Бәйтерек аудандық «Ауыл тынысы» газеттерінің бас редакторлары Алтынбек Ермекқалиев пен Түгелбай Бисен облыс әкімінің дипломымен және қаржылай сыйлығымен марапатталды.

IMG-20210628-WA0012

Нұрым Нұрманов,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале