25-26 маусым күндері аралығында Бөрлі ауданы Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты Пролетарка ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Әкелер даңқы жолымен» атты дәстүрлі аудандық туристік слеті ұйымдастырылды.
Жарыстың бағдарламасы көркемөнерпаздар концерті, дала газеті байқауы, тұратын орын байқауы, спорттық бағдарлау, үлкен туристік эстафетасы, саяжай волейболы, шағын футбол, гір спорты, дойбы, тоғызқұмалақ, арқан тарту, қазақ күресі, қол күресі, бес табан және бес асық секілді спорт түрлерінен тұрды. Слетке ауданның ауылдық округтерінен 10 команда, 500-ден астам адам қатысты.
25 маусым күні жарыстың ашылу салтанаты өткізіліп, оған аудан әкімі Миржан Сатқанов, әкім орынбасары Алпамыс Көшкінбаев, спорт ардагері Айтпай Тастайбеков және ауылдық округтердің әкімдері қатысты. Миржан Сатқанов слет қатысушыларын құттықтап, сәттілік тіледі.
Екі күнге созылған слет барысында қатысушы командалар табиғат аясында, ашық аспан астында шатырларын құрып, түрлі спорттық сайыстар және шығармашылық байқаулар бойынша мықты командаларды анықтады. Сонымен жарыс қорытындысы төмендегідей болды.
Қазақ күресінен, гір спортынан, қол күресінен, арқан тартудан, саяжай волейболынан, дала газеті байқауынан, туристік орын байқауынан Бөрлі ауылдық округінің командасы топ жарып, жеңімпаз атанды. Тоғызқұмалақ, дойбы және шағын футболдан Кеңтүбек ауылдық округінің командасы үздік шықты. Үлкен туристік эстафетадан Бумакөл, көркемөнерпаздар концертінен Жарсуат, асық және бес асықтан, сондай-ақ спорттық бағдарлаудан Қарағанды ауылдық округтерінің командалары жеңіс тұғырының жоғары сатысына жайғасты.
Жалпыкомандалық есепте 386 ұпай жинаған бөрліліктер жеңіске жетіп, үздік үштікті 358 ұпаймен қарағандылықтар, 330 ұпаймен кеңтүбектіктер түйіндеді. «Үзбей белсенді қатысқаны үшін» аталымына Қарақұдық ауылының командасы лайық деп танылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Бөрлі ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ақсай» мәдени-бұқаралық, ұлттық ат спорт кешенінің тиісті дәрежелі дипломдарымен, медальдарымен, кубоктарымен және сыйлықтарымен марапатталды.
Тоқтар Кенжеғалиев,
zhaikpress.kz