29.06.2021, 20:58
Оқылды: 57

Семейге - 8 жолдама

Жуырда Бөрлі ауданы, Ақсай қаласында тоғызқұмалақтан (классика және блиц) 9, 11, 13, 15 жас ерекшелігі бойынша жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Батыс Қазақстан облысының оқу-жаттығу жиыны өтті. 100-ден астам спортшы бақ сынаған бұл жарысқа Қайрат Шаутенов баптайтын Жаңақала аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тоғызқұмалақ тобының оқушылары қатысқан болатын.

A69227BA-892D-4017-AF62-B6A03EA8E318

Үш күнге созылған ақыл-ой додасында 9 жасар қыздар арасында классика түрінен Фатима Маратова қола жүлдені иеленсе, блиц түрінен Аягөз Нәсіпқали да қолаға қол жеткізді. 11 жасар ұлдар арасында классика түрінен қарсылас шақ келтірмей өзінің мықтылығын дәлелдеген Бейбарыс Жолдасқали жеңімпаз атанды.

Ал, Нұрәлі Арматұлы күміс жүлдеге ие болса, Бекнұр Тұрсынбай ІІІ орынға табан тіреді. Блиц (шапшаң ойын) түрінен Бейбарыс Жолдасқали І орын алып, бір жарыста екі алтын жүлдені қанжығасына басты. Бекнұр Тұрсынбай да осал еместігін көрсетіп қола жүлденің медалін мойнына тақты. 13 жастағы қыздар арасынан классика түрінен Аида Баймұхан ІІ орын иеленді. Осы жастағы ұлдар арасынан классика түрінен Нұрберген Түсіпқали мен Мадияр Жұмағали ІІІ орынды місе тұтты. Блиц түрінен Нұрберген Түсіпқали жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Мұхаммед Рустамұлы, Аманияр Ерболат, Камила Дамирқызы, Кәусар Әдиет, Ақнұр Фазыл, Зухра Ғазез сынды ойыншылар да жақсы ойын деңгейлерін көрсете білді.

- Бұл оқу-жаттығу жиынының мақсаты 24-31 шілде күндері Семей қаласында өтетін республикалық жарысқа іріктеу, яғни жеңімпаздар мен жүлдегерлер облысымыздың намысын республика көлемінде қорғайтын болады. Бір жылдық үзілістен кейінгі сайыста шәкірттерім жақсы өнер көрсетті. Республикалық жарыстан да олжалы ораламыз деген ойдамын,- дейді біліктілігі жоғары деңгейдегі, жоғары санатты жаттықтырушы Қайрат Маратұлы.

Жанайдар Жұмағұлов,

 Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале