30.06.2021, 16:33
Оқылды: 20

Сырымда шаруагерлер үшін пайдасы зор семинар-кеңес өтті

Өткен сейсенбіде Сырым ауданына қарасты Шолақаңқаты ауылдық округінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруагерлер үшін пайдасы орасан зор семинар-кеңес болды.

 с1

Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиевтің тікелей басшылығымен ұйымдастырылған бұл семинарда малды құнарлы азық түрімен қамтамасыз етудің тиімділігі, жерді пайдаланудың әдістері жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды.

Аталмыш семинар барысында ауылдық округке қарасты Қайырбек Мырзағалиев жетекшілік  ететін «Нұрдәулет» шаруа қожалығының мал басын өсіру, малдың өнімділігін арттыру бағытындағы бір жылдық судан шөбі, көпжылдық шөп (житняк) дайындаудағы оңды іс-тәжірибесі өзге шаруагер азаматтарға үлгі-өнеге ретінде айтылды.

Мәселен, семинар-кеңестің жұмысына арнайы келіп, өзіндік іс-тәжірибелерімен бөлісу, ұсынба, ой-пікірлерін ортаға салуға келген ауданға қарасты шаруа қожалықтарының жетекшілері бұл семинардан пайданың да мол болатындығын сезгендей еді.

Семинардың жұмысына «Қазақстан фермерлер одағы» облыстық филиалының төрағасы, «Ауыл» партиясынан сайланған облыстық мәслихат депутаты Серік Жарылғапов, ауылдық округ әкімі Ерлан Журалиев, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Руслан Усағалиев қатысып, бір топ шаруагер азаматтармен бірге «Нұрдәулет» шаруа қожалығының алқабындағы судан және көпжылдық шөптің (житняк) егілу жайы, күтімі бойынша тәжірибелерімен алмасты.

с3

– Жыл сайын мал басы үшін жем-шөп қорын дайындауда қиындық аяққа оралғы болуда. Аптап ыстық, құрғақшылық қысып барады. Сондықтан әрбір шаруа құнарлы мал азығын дайындауға, соның ішінде екпе шөп өсіруге көңіл бөле білулері тиіс. Кооперативке бірігіп, жұмыс істеуге жұмыла білген жөн. Мұның да тигізер пайдасы зор болмақ, - деді семинарда сөйлеген Серік Жарылғапов.

Семинар-кеңеске «тұздық» ретінде алынып отырған «Нұрдәулет» шаруа қожалығындағы алқапта бүгінде 200 гектарлық күздік қара бидай орылып, гектарына 6 центнерден өнім беруде.

Ал 700 гектардағы көпжылдық (житняк) шөпті шабуға, «МТЗ-80» маркілі су жаңа тракторы  алты метрлік шабу құралымен қосылған. Шабындықтағы өнімділік болса, гектарына 10 центнерден айналуда.

– Көпжылдық шөпті күз айында жерді жыртып еккен тиімді. Мәселен, қожалық көпжылдық шөпті өсірудің пайдасын көріп келеді. Яғни, 200 гектарға егілген еркекшөптен (житняк) 3600 центнер өнім (гектарына 18 центнерден) алынған кездер болды. Сондай-ақ 1643 гектарға егілген бір жылдық судан шөбінен 37715 центнерден өнім жиналды.

Жаз айында екі реттен шабылатын судан шөбі - әсіресе сиыр сүйсіне жейтін, сүтін молайтуға септігі зор азық түрі. Бастысы көпжылдық шөпті еккенде күзде, көктемде тырмалау, жырту, жағына көбірек көңіл бөлген жөн. Жерді күтіп-баптай білмесең, жұмсалған қаржыны далаға босқа шашқаның, -  дейді өзіндік тәжірибесімен бөліскен Қ.Мырзағалиев.

Кеңес жұмысына қатысқан ауданның шаруагер азаматтары «Нұрдәулет» шаруа қожалығы орналасқан «Айдар» нүктесіндегі заманауи үлгідегі қоныстарды, мал қора, ауланы көріп, «түгін тартсаң, майы шығарлық» малдың жай-күйімен танысты.

Осы жайттарға куә болған шаруагерлер кеңес жұмысынан соң, «Алақандарын ысқылап, әп бәлем көпжылдық шөпті егіп, пайдасын көре білсек, пайданың өзі қол астында екен ғой», - деп сенімділікпен аттанды.

 

Мүсірбек Айташев,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале