2.07.2021, 9:24
Оқылды: 78

«Домбыра – дала дауысы»

Қазақтың қасиетті қазынасы – Домбыра күні қарсаңында Бәйтерек ауданы орталығында «Домбыра – дала дауысы» атты фольклорлық кеш оздырылды.

880EE50A-099A-4F9E-B026-9B1EEA1CE177

Орталық балалар кітапханасының ұйымдастыруымен өткен мерекелік кеш балаларға халқымыздың бай мұрасы, басты құндылығы домбыраның қазақ өмірінде алатын ерекшелігі мен мән-маңызын насихаттау мақсатында өтті.

Орталық балалар кітапханасының меңгерушісі Зәуреш Шайдуллақызы ұйымдастырған кеш барысында кітапхананың белсенді оқырманы Дана Қарағойшина өнер көрсетіп, Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін орындап берді. Сондай-ақ кітапхана қызметкері Айнагүл Тулеуова қазақ руханиятына қосар салмақты үлесі бар аспабымыз жайында құнды мәліметпен бөлісті.

-Ұлттық құндылығымыз, ел жүрегінен қоңыр күйімен орын таба білген домбырамыздың қашанда мәртебесі биік. Бұндай кештер жас ұрпақ бойына ұлттық рухты сіңіреді деген ойдамыз. Атадан балаға аманат болған осындай асыл қазынамызды қадір тұту - әр қазақтың қасиетті борышы,-дейді орталық балалар кітапханасының меңгерушісінің Зәуреш Габдулиева.

Шара соңында қызықты кешке үлес қосқан қатысушылар арнайы дипломдармен марапатталды.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале