2.07.2021, 12:55
Оқылды: 19

Инвесторға қолдау зор

Кеше облыс әкімінің орынбасары  Бақытжан Нарымбетовтың  төрағалығымен өткен жиында жеке білім беру мекемелерін салатын инвесторларға  көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде айтылды. Құзырлы мекеме өкілдері мемлекеттік-жекешелік әріптестік  шеңберінде жан басына шаққандағы қаржыландыру жолдарын түсіндірді.

3C5AB285-2826-4560-A56E-B786E9DD1E11

Алдымен сөз алған «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ бас басқарма төрағасы Әлімжан Тоқтасынов айтып өткендей, мемлекет инвесторға жер телімін ұсынып, барлық инфрақұрылымын жүргізеді. Аталмыш акционерлік қоғам жобаны қолдап, бірлескен қызмет туралы келісімге келеді. Одан әрі екінші деңгейлі банктер мен «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры» АҚ тарапынан жеңілдетілген несие беріледі. Ал «Қаржы орталығы» АҚ тарапынан құрылысқа кеткен инвестициялық шығындар 8 жыл бойы өтеледі. Инвестор мектеп құрылысында жоба құнының кем дегенде 10 пайызын өз қаражатымен қаржыландырады. Түптеп келгенде жаңа мектеп инвестордың меншігінде қалады. Алайда 20 жыл бойы мектеп мәртебесін сақтауы қажет. Айта кету керек, инвестордың  мемлекеттің жан басына шаққандағы қаржыландыруынан бөлек, мектептегі шығындарды оңтайландыру және ақылы қызметтер көрсету арқылы кіріс табуына да мүмкіндігі бар. Спикер айтып өткендей, бүгінде тұрғындар санының өсуіне байланысты Орал қаласының Зашаған кентіндегі «Балауса» шағынауданында, Теректі ауданының Подстепное және Бөрлі ауданы, Бөрлі  ауылындағы мектептер тарлық етуде. Ал облыстық білім басқармасының білім беруді дамыту орталығының бөлім басшысы Самиғолла Сүлейменов жалпы білім берудің жан басына шаққандағы нормативін есептеу алгоритмін түсіндірді.

Жиынға қатысқан кәсіпкерлер, құрылыс компанияларының өкілдері құзырлы мекеме басшыларына сұрақтар қойып, жауап алды. «Мектеп салуға дайын құрылыс компаниялары бар. Бірақ олар одан әрі білім саласын қалай басқаратыны жөнінде хабардар емес. Сондықтан облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құрылысшыларды педагогикалық құраммен кездестіріп, түсіндіру жұмысын жүргізудеміз. Осы бағытта
мектеп басшылары тарапынан белсенділік күтеміз. Мемлекет білім беру мекемелерінің  құрылысын  жүргізетін инвесторларға қолдау білдіруге дайын, – деді Бақытжан Хаберұлы.   

Ясипа Рахимқызы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале