19.07.2021, 13:06
Оқылды: 29

Бөрлі ауданынан Маңғыстауға алғашқы көмек аттанды

Қуаңшылыққа байланысты еліміздің кей өңірлерінде малға шөп таппай жатқан жағдайлар орын алуда. Осыған байланысты еліміздің оңтүстігіндегі Арал ауданында төтенше жағдай жарияланған болатын. Маңғыстау өңірі де қуаңшылықтың азабын тартып отыр. Елдің бірлігі мен жанашырлығы сынға түсер шақта азаматтар текке қарап қалмады. Елдің түкпір-түкпірінен қиын жағдайға тап болған өңірлерге қажетті мал азығын жіберу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бөрлі ауданының шаруалары да бұл істен тыс қалып жатқан жоқ. Алдыңғы аптада «Аманат» шаруа қожалығының басшысы қаржылай көмек жиналып жатқанын айтқан болатын. Ал Кеңтүбек ауылының шаруалары алғашқы көмекті аттандырды. Маңғыстаулық азаматтар өздері арнайы көлікпен келіп, шөп тиеп алып кеткен.

IMG-20210719-WA0018

Біздің ауылдық округ бойынша бес шаруа қожалығы 200 шақты рулон шөп бөліп отыр. Олардың ішінде «Рауан» ЖШС және «Еңбек», «Бірлік», «Дүйсенбаев», «Хасанов» шаруа қожалықтары бар. Кеше Маңғыстаудан келген көлікке 35 рулон шөп тиеп жібердік. Елдің бірлігі, көптің қолдауы осындай кезде білінеді. Көмек қолын созған шаруашылықтарға алғыс шексіз. Біздің ауданның шаруаларының барлығы дерлік игі істі қолдауға әзір деп ойлаймын,- дейді Кеңтүбек ауылдық округінің әкімі Нұрлан Газиев.

-Өңірдің шаруаларының бәрі осы істің басы-қасында жүр. Азаматтар бей-жай қарап отырған жоқ. Бөрлі ауданынан да қаржылай көмектен бөлек шөп беріп отырғандар аз емес. Алайда тасымалдау жағы қиындау болып тұр. Дегенмен ірі компания өкілдері көлік жағынан көмек береді деп ойлаймын. Маңғыстаулық шаруалар өз күштерімен әкетуді де ойластырып жатыр. Бүгін-ертең тағы да көліктер келеді деп күтіп отырмыз. Біз қандай қиыншылықты да бірге жеңеміз,- дейді «Аманат» ШҚ басшысы Бақыт Далабаев.

 

Мейрамбек Сыдықов,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале