Облыс бойынша білім саласына 388 педагог маман қажет. Бұл жайында білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен өткен жиында хабарлады. Әсіресе қазақ мектебіндегі орыс тілі мен әдебиеті, математика, физика, химия және тарих пәні мұғалімдеріне сұраныс көп. Алдағы оқу жылында мектептерде 113 мыңнан астам оқушы білім алмақ.
Басқарма басшысының мәліметі бойынша оқушылар санының азаюына байланысты 1 облыстық (М. Өтемісов атындағы сауықтыру мектеп-интернаты) және 6 бастауыш мектеп жабылады (Казталов ауданындағы Ащысай, Бестерек, Аққурай, Теректідегі Қоныссай, Шыңғырлаудағы Ұрысай, Жаңақаладағы Плантация бастауыш мектептері). Ал Ақжайық пен Теректі аудандарындағы үш негізгі мектеп бастауыш мектеп болып қайта құрылады. Облыс бойынша әлеуметтік қолдау көрсетілуі тиіс отбасынан шыққан 12 198 бала есепте тұр. Жаңа оқу жылында оларды қамтамасыз ету үшін компьютерлік техника жеткілікті.
2021 жылы оқулықтарды сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 2852,5 млн. теңге, соның ішінде 36,5 млн. теңге оқулықтарды тасымалдау үшін бөлінді. Облыс бойынша 1572494 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешенді сатып алуға тапсырыс берілді. Қазіргі уақытта колледждер де қарбалас үстінде. Мемлекеттік тапсырыс аясында жергілікті бюджет есебінен 57 мамандықтың 77 біліктілігі бойынша 3512 (2552-і жұмысшы кәсіптер, 960-ы – орта буын мамандықтары) талапкерді кәсіптік және техникалық білім беретін 32 ұйымға қабылдау жоспарланды.
Айгүл Мыңбаева педагог қызметкерлерді вакциналау жайын баяндады. Облыс бойынша білім саласындағы 35 898 қызметкердің 25 182-сі ковидқа қарсы екпе алды, вакциналау көрсеткіші 81,8%-ды құрайды. Медициналық көрсетілім себебінен 4061 педагогикалық қызметкер (11,3%) вакциналауға қатыспайды. Басқарма басшысы білім беру ұйымдарында 11 403 бейнекамера (6318 цифрлық, 5085 аналогтік) орнатылғанын хабарлады. Бейнебақылау жүйесі толық жабдықталғанымен, 4857 (43%) камера қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келмейді.
– Облыста 7 апатты, 5 үш ауысымды мектеп бар. Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша үш мектеп және бір нысандағы қосымша құрылыс аяқталады. Бірақ Қазталов ауданындағы А.Оразбаева атындағы жалпы білім беретін мектеп жыл аяғына дейін салынып бітпеуі мүмкін. М.Өтемісов атындағы сауықтыру мектеп-интернатының оқушыларын Зашаған кентіндегі мектептерге орналастырамыз. Бұл бағытта түсінік жұмысы жүргізіледі, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева. Оның сөзінше, биыл 11 білім нысанын күрделі жөндеуге 2 094,8 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Солардың қатарында Бәйтерек ауданы Дариян ЖОББМ ғимараты наурыз айында пайдалануға берілген.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын іске асыру шеңберінде республикалық бюджет есебінен 980,5 млн теңге сомасына үш білім нысаны бойынша күрделі жөндеу жұмысы басталды (Ы.Алтынсарин атындағы ЖОББМ Ақжайық ауданы, Ғ.Молдашев атындағы ЖОББМ Қазталов ауданы, Аңқаты ЖОББМ Теректі ауданы). 1 114,3 млн. теңге жергілікті бюджет қаржысына сегіз білім беру нысаны күрделі жөнделеді. Оқу жылы басталғанша Ақсай қаласында жөндеуден өткен екі мектеп іске қосылмақ. Жыл соңына дейін төрт мектепті күрделі жөндеу тәмамдалмақ.
Облыс әкімі Ғали Есқалиев оқу жылының дайындығын пысықтап, ауыл тұрғындарына мектептердің жабылу себебін сараптап түсіндіруге, апатты жағдайдағы және күрделі жөнделетін нысандарда білім алушыларды орналастыруға ғимарат табуға, мектептер ішіне турникеттер орналастыру үшін инвестор тартуға тапсырма берді. «Типтік үлгідегі мектептің жобасы тамыз айында сараптамадан өтеді. Ендігі уақытта шағын ауылдарға білім ошағын сол жоба негізінде саламыз. Құрылыс басқармасы жобаның тыңғылықты дайындалуын қадағаласын», – деді Ғали Есқалиев.
Жиында басқа салаларға да қатысты күрмеулі түйткілдер талқыланды. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов облыс бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысқан кейбір компаниялардың әлі күнге тіркеуден өтпегенін, содан салықтық түсімдерді орындамай отырғанын хабарлады. Тіпті алпауыт «ҚПО б.в.» компаниялар тобы мен «Жайықмұнай» ЖШС-на қарасты мердігерлер де бұл талапқа салғырт қарағаны себепті облыс жыл сайын 10 млрд теңге шамасындағы салықтық түсімнен «қағылып отыр» екен. Тілепберген Каюпов қазынаға қажет салықтық түсім жоспары орындалмаса, көптеген салаға, әсіресе, аудандардағы құрылыс жобаларына қаржылай қолдау көрсету қиындай түсетінін айтты. Ғали Есқалиев облыс аумағындағы барлық мердігер-компания заңды жолмен салық төлеп, жергілікті бюджет қоржынын баютуға міндетті екенін, олардың өкілдіктері мен филиалдарының ресми түрде тіркелуін тұрақты қадағалау мақсатында мемлекеттік кірістер департаментінің есебін апта сайын тыңдайтынын айтты.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жұмагелді Батырниязов бизнес нысандарын қолдау бойынша дағдарысқа қарсы іс-шараны іске асыру жайын баяндады. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы ауқымында алғашқы жартыжылдықта 598 жобаның сыйақы және кепілдік пайыз ставкасын субсидиялауға 11,5 млрд. теңге бөлінді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына ұсынылған 300 жобаның 260-ы мақұлданды. 25,4 млн. теңгеге 248 жоба қаржыландырылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша шағын несие беру жұмысы бойынша 131,5 млн. теңге игерілді. Сонымен қатар Жұмагелді Батырниязов шағын және орта бизнес нысандарын қолдау жайын айтты.
Нұртай Текебай,
zhaikpress.kz