12.08.2021, 9:27
Оқылды: 69

Ат баптаған Айгерім

Айгерім Гумарова – атқа шауып, шабандоз атанған ару. Аралтөбе ауылының үлкен-кішісі Айгерімді осы бір мінездері үшін жақсы көреді. Еңбекқор қыз Айнамкөз атты жүйрігін алдағы бәйгелерге тиянақты дайындап жатыр. Оны ертемен серуендетіп, күн ысығаннан кейін жеңілдеп қалуы үшін арнайы құралдарымен жиі жуындырады екен. Асын да өзі дайындап, жемге неше түрлі дәрумендер мен жемістерді араластырып береді.

IMG-20210811-WA0088

Екі жасар Айнамкөз атты сәйгүлік осыған дейін екі бәйгеге қатысып алғашқысында алтыншы келсе, екіншісінде үшінші орынды қанжығалапты. Айгерімнің айтуынша, бәйгеге қатысатын жүйрік үшін оған лайықты жас шабандоз табу қиынның қиыны болып отыр екен. Бұл тек менің емес, елдегі барлық атбегілердің мәселесі, – дейді. Себебі қазіргі уақытта ерте жастан атқа мініп, дала кезіп ойнайтын бала қалмады. Өкінішке орай көптеген бүлдіршіндеріміз аттың емес, ұялы телефонның құлағында ойнайды.

IMG-20210811-WA0087

– Қыз балаға атқа мініп шабу қиын деп ойлайтындар қателеседі. Түк те қиын емес. Жылқы әдемілігімен, жүйріктігімен мені қатты қызықтырады, – дейді Айгерім. Жас шабандоз жылқы шаруашылығымен шұғылданатын фермер болуды армандайды. Бос уақытын сәйгүліктерінің қасында өткізеді. Оларды баптап, баладай мәпелегенді жақсы көреді. Айгерімнің бойынан қазақ қызына тән ұяңдық пен шабандозға тән батылдықты көріп таң қаласыз. Айгерімнің сәйгүлігіне сүйсіне қарап, алдағы болатын додаларына сәттілік тіледік.

IMG-20210811-WA0089

Батырбек Жанболатов,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале