13.08.2021, 10:24
Оқылды: 428

Бөкей Ордасының құрылымы туралы тың деректер

Биыл Бөкей Ордасының құрылғанына 220 жыл толып отыр. Ішкі Орданың құрылуында сұлтан Бөкей Нұралыұлының рөлі зор екендігі белгілі. Ал халық санасында оған дейін атақонысқа ұмтылғандар болмаған деген пікір орнығып қалған. Десек те, 1771 жылы Еділ қалмақтарының өз Отаны –  Жоңғарияға жөңкіле көшуіне байланысты Еділ мен Жайық аралығындағы тарихи мекенін кері қайтарғысы келген қазақтар аз болмаған. Әсіресе, ХІХ ғасырдың басында, яғни 1801 жылдан бастап Кіші жүз қазақтарының кейбір тобы Ресей патшасынан ішкі тарапқа түпкілікті орнығуға рұқсат сұрағандығын байқаймыз. Ең алғаш ноғай руының старшыны Ислам Құрманқожаев 100 шаңырақпен өтуге сондай ниет танытқан. Ізінше 1801 жылы 11 ақпанда Кіші жүздегі Хандық Кеңестің төрағасы Бөкей сұлтан Орынбор губернаторы Н. Н.Бахметевке емес, Грузия және Астрахан губерниясының басшысы К. Ф.Кноррингке Жайық пен Еділ өзендері аралығына көшу жөнінде өтініш білдірген. Әрі Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде Кіші ордадағы кердері руының старшыны Тілеп Қайбашев та Астрахан маңына орнығуды жоспарлаған. Ол тек басқа жолмен, яғни Орал әскери кеңсесі арқылы қимылдаған. Кіші жүз қазақтарының Қосөзенге осындай қарқынмен ұмтылуы жоғарыда көрсетілген үш адамнан басқа да «ресми рұқсат» сұрағандар санының көптігін аңғартады. Олардың әрқайсысының өзіндік мүддесі болған. Мәселен, старшындар И.Құрманқожаев пен Т.Қайбашев өз руларын экономикалық тығырықтан шығару арқылы биліктерін сақтап қалуды көздеген. Ал Бөкей Нұралыұлының жөні де, мақсат-мүддесі де алдыңғы екеуіне қарағанда өзгешелеу. Арғы тегін Шыңғыс ханнан тарататын сұлтандар тобынан шыққан ол Кіші жүздегі жоғарғы биліктен дәмелі еді.

big_627808d987776e4d4386edfa3ed63a1c

Жасыратыны жоқ, патша үкіметі ішкі тарапқа өтуге ниет танытқан басшылардың жеке мақсат-мүдделерін сарапқа салып жатпады. Кіші жүзді саяси жағынан әлсіретуді көздеген Ресей Қосөзен аралығына бүйрегі бұрған қазақ басшыларына ресми рұқсатын бере бастайды. 1801 жылы 25 ақпанда Ресей патшасы, полковник П. С. Поповтың атына старшын И. Құрманқожаевты ноғай руының 100 түтінімен Орал даласына өткізу жөніндегі рескриптісін шығарады. Сол жылдың 11 наурызында
I Павел патша Кавказ шебінің басшысы К. Ф. Кноррингтің атына Бөкей Нұралыұлын бодандыққа қабылдау жөніндегі Жарлығын жолдайды. Осылайша кезек кердері руының старшыны Тілеп Қайбашевқа да жетеді. Ол алғашында өз туыстарымен ғана өтетінін айтып, кейіннен 1000-нан астам шаңырақты әкелмекке ниеттенеді. Т. Қайбашевтың өтінішін қабылдап алған Орал әскери кеңсесі оны Ресей Сенатының қарауына жібереді. Бөкей Нұралыұлымен бір мезгілде арыз жазған кердері руы старшынының ісі 1801 жылдың маусым айына дейін созылып кетуі –  Кіші жүз қазақтарының ішкі бетке өтуіне қарсы саясат ұстанған Орал әскери кеңсесінің әрекеті болуы ғажап емес. Себебі ноғай руының старшыны И. Құрманқожаев пен Хандық Кеңес төрағасы Бөкей сұлтанның өтініштері бір ай көлемінде қанағаттандырылған. Ал Т. Қайбашевтың ісі төрт айдан соң, яғни 1801 жылдың маусым айының басында ғана Сенат талқысына түскен. 20 маусымда мәлімет жинау жөнінде нұсқау алған Астрахандық басшы К. Ф. Кнорринг бұл істі П. С. Поповқа тапсырған. Онымен жұмыстанған генерал Медердің анықтауынша, Т. Қайбашев қарасүйектен шықса да, арғы тегі атақты, даңқты адамдар болған. Өзі ақылды, адал, мейірімді және орда халқы арасында сыйлы. Жергілікті халық жоғары мәртебелі хан мен басқа да қазақ сұлтандарының бұйрығын орындағаннан гөрі Т. Қайбашевтың ақылына өз еріктерімен жүгінеді екен. Сәл кейінірек П. С. Попов Т. Қайбашевтың Жайық өзені бойынан көшіп кеткенін және оның қайда жол тартқаны белгісіз екендігін естиді. Біздіңше, Т. Қайбашев патша үкіметінен ұзақ уақыт хабар келмегесін ішкі бөлікке көшсе керек.

 

Рақыметті Бөкей хан өткен...

1801 жылы атақонысқа түпкілікті оралған қазақтар біраз қиындықтарды да басынан өткереді. Алғашында Еділ – Жайық аралығын қазақтар емін-еркін жайлағанымен, біртіндеп олардың қонысы Орал казак әскерлері, князь Н. Б. Юсупов және граф И. Безбородко секілді отарлаушы патша үкіметі қолшоқпарларының тарапынан шектеле бастайды. Мұрағат құжаттарынан жайылым үшін талас өте қатты болғандығын, бұл мәселелерді шешуде Бөкей ханға негізгі күш түскендігін байқаймыз. Ол ең алдымен Ішкі Орда шекарасын нақтылауға ұмтылып, 1803-1806-1808 жылдары Орал әскери кеңсесіне, Орынбор генерал-губернаторы мен І Александр патшаға өтініш жолдаумен болған.  Бірақ отаршыл Ресей империясының көздеген мақсаты бөлек-ті. 1811 жылы күзде хандық билікті күштеп жоя алмаған орыс саясаткерлері Ішкі Ордаға және Кіші жүзге бөлек-бөлек хан сайлап тынды. Бөкей сұлтанды хандыққа көтергендер қатарында Сары, Ниязғали Есімұлдары, барлық Нұралыұлдары, Кіші жүздегі Батыр хан ұрпақтары – Есенгелді, Сирек, Жарық Қарабайұлдары, Орта жүзден Қайып хан ұрпақтары – Жантөре Жиһангерұлы (Бөкейдің күйеу баласы), Нұрмұхамбет Жиһангерұлы және өзгелер болған. 1812-1815 жылдары Бөкей хан өзінің басқару мүмкіндігін кеңейтіп, айналасына беделді сұлтандарды, старшындарды жинайды. Оның алдында жайылым жайы, Ішкі Ордадағы қоғамдық-саяси қатынастарды реттеу және тағы басқа да мәселелер тұрды. Қысқасы, ол өмірінің соңына дейін Орал казак-орыстарымен, Еділ қалмақтарымен, қондырау татарларымен және орыс помещиктерімен тілімдей жер үшін күрес жүргізді. Осындай әрекеттер арқасында Бөкей хан тұсында Ішкі Орда  қазақтарының әлеуметтік жағдайы жақсарып, көшпелі халықтың мерейі артты. Жылдар бойы тусырап жатқан шұрайлы далада мал басы көбейіп, сауда өсіп, дәулет артты. 1802 жылы хандықтағы халық саны 6300 шаңырақты құраса, 1814 жылы 8500 шаңыраққа ұлғайды. Ал төрт түлік саны 3 миллионнан асып жығылды. Бұл кезде бөкейлік қазақтар көршілес халықтармен сауда да жүргізді. Өкініштісі, бар ғұмырын халқына қызмет етуге арнаған Бөкей хан 1815 жылы 21 мамырда кешкі сағат 21:00 шамасында шемен ауруының дендеуі себепті көз жұмады.

unnamed (1)

Иә, Бөкей хан ел арасында аса сыйлы болған. Оның ауыз толтырып айтарлықтай байлығы болмағандығы жөнінде де аңыз-әңгімелер бар. Тіпті хан қайтыс болғаннан кейін ұлы Жәңгір Астраханға губернаторға бару үшін атақты татар байы Дәуіттің баласының киімін алған деседі.  Бөкейдің бірінші әйелінен – Тәуке, Әділ, екінші әйелі Атаннан – Жәңгір, үшінші әйелі шеркеш Жұмадан Меңдігерей туған. Жалпы Бөкей саяси, экономикалық, әлеуметтік даму ісінде үлкен жетістіктерге жете білді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру үшін сауда ісін жаңғыртуға да айырықша көңіл бөлді. Көсеміне риза болған халық «Хан Бөкейдің тұсында секер шайнап, бал жұттық» деп текке айтпаса керек. Сонымен қатар Жанұзақ жыраудың:

Байларға құба жайлатқан,

Жарлыға жылқы айдатқан,

Алтынды тақтың үстінде

Рақыметті Бөкей хан өткен, – деп жырлауында тарихи шындық жатыр.

 

Шығай сұлтан:

«Қазақ халқын отырықшылық өмірге үйреткім келеді»

1815 жылы Бөкей хан дүниеден өткен соң билік уақытша оның інісі Шығай Нұралыұлының қолына өтті. Ол ел басқару ісіне ерте араласқан және Орданың алғашқы ханы оған кез келген мемлекеттік істерді сеніп тапсырған. Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес төрағасы қызметін атқарған И. С. Ивановтың мәлімдеуінше, Бөкей Нұралыұлы хан болып тағайындалған соң да Жайық беттегі өзіне қарасты қазақтарды билеуді інісі Өзбекқалиға, ал ішкі тараптағы хандықты Шығайға жүктеген. Осы деректердің өзі Шығай Нұралыұлының ел басқару ісіне дайын болғандығын көрсетеді. Алайда Шығай сұлтан билігі кезінде Бөкей Ордасындағы аграрлық қатынастар шиеленісе түскен. Жерді пайдаланудың рулық қауымдық түрі үстемдік еткенімен, жайылым мен шабындықтың жетіспеушілігі айқын сезілген. Сонымен бірге табиғаттың құбылмалылығы көптеген көшпелілерді, оның ішінде Шығай сұлтанды үй, жертөлелер салуға мәжбүрлеген. Ішкі Орда билеушісі өз ағасы секілді халықты отырықшылыққа баулығысы келгенін де жасырмайды. Бұл жайында ол 1820 жылдың 28 қаңтарында Астрахан казак әскерінің атаманы В. Ф. Скворцовқа: «Қазақ халқын отырықшы өмірге үйреткім келетіні сізге бұрыннан белгілі. Оларға үлгі көрсетпек мақсатта мен үй салуыма ағаш және дайын құрылыс материалдарын жіберуіңізді сұраған едім», – деп хат та жазған. Ал оған ықпалын тигізген факторды губернатор П. К. Эссенге былайша  жеткізген: «Үй тұрғызуыма қазақ халқын үлкен шығындарға ұшыратқан ауыр қыс әсер етті». Осылайша 1820 жылдың жазында Каспий теңізі жағалауындағы Коневск постына жақын жерде Шығай сұлтанға тиесілі үй бой көтерген.

Шығай билігі тұсында Бөкей Ордасының мал шаруашылығы қарқынды дамып, бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін де айта кетелік. Мысалы, 1821 жылы
Бөкей Ордасында 92 643 түйе, 497 818 жылқы, 178 230 ірі қара, 4 849 809 қой, 652 195 ешкі, барлығы  6 264 695 мал болған.

 

Жәңгір хан реформалары мен оның нәтижелері

Бөкей хан көзі тірісінде-ақ хандық билікті ұлы Жәңгірге аманаттаған.   Жас сұлтан 1821-1823 жылдар аралығында хандық тақты иелену жолында белсенді күрес те жүргізді. Нәтижесінде 1823 жылы 22 маусымда І Александр патша Жәңгір Бөкейұлын хан етіп тағайындау туралы арнайы грамотаға қол қойды. Жасыратыны жоқ, Жәңгір қазақ тарихында қарама-қайшылыққа толы тұлға болды. Кеңес идеологиясында үстемдік еткен «таптар күресі» принципіне байланысты біз оның қоғамдық-саяси қызметіне біржақты қарауға мәжбүр болдық. Кейін еліміз Тәуел-сіздік алған соң «Жұрттың хандары жақсы, ал неге біздің хандар жаман болған?» деп ойлана бастадық.

Жәңгір хан билікке келісімен жер реформасын қолға алғаны белгілі. Біз мұны зерттей келіп, екі кезеңге бөлдік.  Алғашқысы 1825-1830 жылдарда Жәңгір хан Орда территориясын нақтылап, шекараны шегендеуге ұмтылды. Бұл кезеңде қазақ-татар, қазақ-қалмақ, қазақ-орыс арасындағы жер даулары да қарастырылды. Еділ – Жайық аралығын мекендеген халықтарды өзара қырқыстыру саясатын ұстанған Ресей империясы жер мәселесін шешуге еш асыққан жоқ. Екінші кезеңде, яғни 1831-1845 жылдары сыртқы жаулармен күрес күшейгенімен, ішкі жер реформалары назардан тыс қалмады. Өз туыстары мен айналасындағыларға шұрайлы жайылыстарды тарату арқылы қара халықты оларға тәуелді етіп қойды. Бұл көпшілік тұрғындардың жерсіз қалуына, әлеуметтік жіктелістің күшеюіне, парақорлықтың жаппай етек алуына, мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауына, елдегі ұрлық-қарлықтың артуына әкеп соқты. Оның арты Бөкей Ордасында 1836-1838 жылдары И. Тайманов пен
М. Өтемісов жетекшілік еткен ұлт-азаттық қозғалысқа  және 1842-1843 жылдары А. Қошаев пен Л. Манатаев бастаған күреске ұласты.

Сондай-ақ Жәңгір ханның басқа қазақ хандарынан ерекшелігі – оның еуропалық өмірмен жақсы таныс болуы еді. Астрахан губерниясында білім алып, елге оралған соң ауыл шаруашылығына қатысты газет-журналдарды оқыған ол экономика саласын да жетік меңгерді. Нәтижесінде 1832 жылы алғаш рет жәрмеңке ұйымдастырып, сауданың көрігін қыздырды. Мысалы, 1833 жылы ұйымдастырылған жәрмеңкеге 562 971 мың бас мал әкелініп, 339 174 сомның тауары сатылды. Хан кеңсесінің мәліметі бойынша тек 1839 жылы әр жерден сатуға 4 122 бас ірі мал (түйе, жылқы, мүйізді ірі қара), 68 498 қой, 6 419 пұт жүн, 30 009 дана тері-терсек әкелінген. Ал өзге елдердің саудагерлері жібек, қағаз, нан, шай, қант, кірпіш, ыдыс аяқ және тағы басқа тауарларды жеткізген. Әрі жәрмеңкеде ұрлық пен жанжал болмауы үшін уәзір-сұлтандар тағайындалған.

Айта кетелік, Жәңгір хан білім, ғылым, мәдениет саласында да игі бастамаларды жүзеге асырды. 1835 жылы мешіт салдырып, 1838 жылы дәріхана, архив ашып, 1841
жылы пошта-телеграф байланысын орнатты. Сонымен қатар 1841 жылы жаңа мектептің іргесін қалап, хандардың арасынан алғаш болып Қазан университеті ғылыми кеңесінің құрметті мүшесі болып сайланды. Енді Жәңгірдің алғашқы қазынашылық қызметті іске қосуы, тұрғындарға медициналық екпе салдыруы, құм басудың алдын алу мақсатында қарағай отырғызуы сияқты игі істері ұрпақтар жадында мәңгі сақталып қалды.

Сөз соңы

Бөкей хандығының құрылғанына 220 жыл толғанымен, зерттеуді қажет ететін мәселелер де бар.

Біріншіден, Бөкей Ордасы билеушілерінің қоғамдық-саяси қызметі әлі күнге дейін толыққанды зерттелмей келеді. Әсіресе, Бөкей хан мен Шығай сұлтанның атқарған қызметтеріне қатысты арнайы ғылыми еңбектер жоқ.   Тіпті Ресей империясының жымысқы саясатының құрбанына айналып, елден жыраққа кетуге мәжбүр болған Жәңгір хан ұрпақтарының кейінгі тағдыры назардан тыс қалып қойды.

Екіншіден, Бөкей Ордасы тарихына қатысты біздің еліміздегі және Ресей Федерациясындағы архивтерде жатқан құжаттарды жинастырып, арнайы жинақтар шығару қажет. Бүгінгі қолда бар жинақтар ғылыми айналымға еніп болды. Қазіргі күні Орда тарихы тың мұрағат құжаттарына мұқтаж.

Үшіншіден, Бөкей Ордасы ауданын республикалық, тіпті, әлемдік деңгейдегі туристік орталыққа айналдыру бағытындағы жұмыстарды жандандыратын кез жетті. Ол үшін инфрақұрылымды жақсарту (жол салу, қонақ үйлер желісін қалыптастыру, т.б.), туризмді жарнамалаудың заманауи әдістерін пайдалану бағытында  нақты жұмыстар қолға алынуы керек.

Саялбек Ғиззатов,
ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы, тарих ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале