Қаратөбе аудандық мәдениет үйінде Мұхит Мерәліұлының 180 жылдық мерейтойына орай ақын-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» және тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының иегері Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмалық дастаны сахналанды. Қойылым режиссеры мәдениет саласының үздігі – Мұсағали Бектенов.
Кең тынысты қойылым алты алашқа ән оздырған сал Мұхиттың өмір жолын суреттейді. Халық композиторы әндерінің шығу тарихы баяндалып, қоғамның ащы шындығы әшкереленді. Батыс ән мектебінің негізін қалаған көрнекті тұлға Мұхиттың бейнесін аудандық мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Нұршат Исламғалиев шебер сомдады. Аудан сахнасында алғаш сахналанған драмалық дастанда Мұхиттың әкесі Мерәлінің рөлін Рүстем Ақташев, ауыл ақсақалының бейнесін Қуаныш Дүйсекеш, Әжігерей күйшіні Қыдырнияз Егінғали, Қайыр аңшының рөлін Мерей Амангелдиев, Медет қарияның бейнесін сомдаған Таңат Жексенбаев сынды жергілікті мәдениет қызметкерлері ойнаған қойылымды көрермен мейлінше жылы қабылдады. Сал-Мұхиттың заманындағы тағдыр тауқыметі, ақын өлеңдерінің шығу тарихы баяндалған драмада күмбірлеген күйге де кезек берілді. Сахналанған сазды драмада Сал Мұхиттың «Көк Айдай», «Үлкен Айдай», «Қарақаншық», «Айнамкөз», «Зәуреш», «Паң көйлек» әндері нақышына келтіріле шырқалды.
Қойылымның шығу тарихына аз-кем тоқталған режиссерМұсағали Бектенов осыдан бес жыл бұрын Мұхит Мерәліұлының 175 жылдық торқалы тойына Иран-Ғайып арнайы жазған дүниенің туған өлкесінде қойылуы кездейсоқ еместігін атап өтті.
– Бұл туынды Қаратөбе ауданы мәдениет басшыларының шақыруымен дайындалған қойылым. Драматург Иран-Ғайып бұл қойылымды Ахмет Жұбановтың Мұхит туралы монографиясындағы деректер желісімен жазған. Өкінішке орай Мұхит бабамыз туралы деректер өте аз. Соған қарамастан әндерінің тарихымен қойылым жасадық. Өзім де Мұхит әндерін орындаушымын, – деді режиссер. Сонымен қатар қойылымды халықтың жүрегіне жеткізе білген әртістерге ризашылығын білдірді.
Драмалық қойылым соңында сахнаға көтерілген аудан әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев көрерменге мәдени демалыс сыйлаған аудан көркемөнерпаздарына алғыс білдірді. Өңірімізді елге танытқан Мұхит бабамыздың мерейтойы қарсаңында оның соңына қалдырған өнері мен шығармашылығын насихаттауда зор еңбек сіңіріп жүрген мәдениет қызметкерлерінің еңбегіне тоқталып, баба мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруде жұмыстана беруіміз қажеттігін атап өтті.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz