Жуырда облыстық дін істері басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Дін саласындағы мәселелерді БАҚ-та жариялау» тақырыбында семинар өтті. Семинарда Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университеті академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің басшысы, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаев, ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Смайыл Сейітбек жергілікті журналистерге дәріс оқыды.
Әл-Фараби бабамыз «Білімсіз адамға барлық нәрсе жат» дейді. Ақпараттың бұрыс екенін білмейтін адам псевдоуағызшылардың айтқанына көзсіз сенеді. Сондықтан дәстүрінен жеріп, дәнегінен безу, әке-шешесін күпірлікпен айыптау, радикалды көзқарастағы көсемдерге еру рухани көрсоқырлықтан басталады. Ұлттық құндылықтарды терістейін діни топтармен күрес жолында БАҚ-тың рөлі зор. Діни ахуалды оңалту теологтардың немесе имамдардың ғана міндеті емес. Газет-жорналдар мен сайттарда, әлеуметтік желілерде ақпарат салдары қандай боларын таразылап барып жариялау аса маңызды. БАҚ қызметкерінің діни саладағы түйткілдерге өзіндік көзқарасымен, өзіндік діни ұстанымымен тұжырым жасап, біржақты баға беруі оқырманды қателікке ұрындыратыны айқын. Сол себепті сала мамандарының дерек-дәйегіне сүйенген жөн, - деген Жалғас Сандыбаев БАҚ-тар арқылы тараған бірқатар қате ақпаратқа мысал келтіріп, одан арылудың әдіс-тәсілдерін атап өтті.
ҚМДБ-ның бөлім меңгерушісі Смайыл Сейітбек дін атын жамылған түрлі ағымдар қоғам бірлігіне сызат түсіретінін айтты. «Өзінің діни сенімі үшін жанын пида ететіндер болады. Мұсылман болсын, иудей не христиан болсын, бұл тұрғыда аса айырмашылық жоқ. Мәселен, Жапониядағы атышулы «Аум Синрике» ұйымының мүшелері өздерін өлтіруге дейін барған. Христиандық бағыттағы кейбір ағым өкілдері өз-өздерін өртеуге дайындаған. Сөйте тұра, кейбір БАҚ «мұсылман-терроршы», «мұсылман-экстремист» деген терминдерді қолдануға құмар. Улы үгіт-насихат әсерінен содырлардың жанқиярлық жасауға дейін баруына саяси мүдделер қақтығысы ықпал еткені анық. Оған Қазақстанда тыйым салынған, Сирия жерінде тас-талқан болған «ГИЛ» террористік ұйымының тағдыры нақты мысал. Радикалды идеологиямен қаруланған топтар өз артына ергендерге ойлануға, естіп-білгенін ақылға салып, таразылауға мұрсат бермейді. Ал терең ойланған адам тура жол табады. Сондықтан діни тұрғыда талас тудырған түйткіл себебіне үңілмей, ислам әлеміне ауыр зардабын тигізетін ақпараттарды жариялау – БАҚ-тардың басты қателігі», - деді Смайыл Сейітбек.
Нұрлан Ғаппар,
zhaikpress.kz