20.08.2021, 11:10
Оқылды: 111

Қырық өтірікшілер

Балалар, кейбіреулерің жазғы каникул басталысымен ойынның түбін түсіріп, кітап оқуды мүлдем ұмытып кеткен жоқсыңдар ма? Міне, жаңа оқу жылы басталатын күн де таяп келеді. Ертең мұғалімдерің «Қане, жазғы каникулда кім қандай әдеби шығарма оқыды?» деп сұрағанда ыңғайсыз жағдайға қалып жүрмеңдер...

 фантазеры 001

Миша мен Стас бақтағы отырғышқа алаңсыз жайғасып алып, әңгімені соғып отыр. Олар өзге балалар сықылды жай әңгімелесіп отырған жоқ. Құдды бір-бірімен өтірік айтудан жарысқа түскендей адамның ойына келмейтін нәрселерді боратып отыр.

–  Сен нешедесің? – деп сұрап қояды досынан Миша.

–  Тоқсанның бесеуіндемін, – деді Стас беті бүлк етпей.

– Ал өзің нешедесің?

–  Жүз қырықтамын. Сен білесің бе, мен бұрын Боря ағай секілді нән жігіт едім. Ал қазір құйттай болып қалдым.

–  Ал мен болсам әуелі кішкентай болдым, сосын дәу болып өстім де, қайтадан титтей болып қалдым. Енді қайтадан өсіп келе жатырмын, – деп бөсті Стас.

– Мен нән болған кезімде өзендердің бәрін жүзіп өтетін едім, – деп бір қойды Миша.

– Ой, өзен дейді ғой, мен теңіздің арғы бетіне жүзіп шығатынмын.

– Сол да сөз боп па? Мен мұхиттан жүзіп өтетінмін.

– Ал мен бұрын ұша алатын едім.

– Кәне, ұша ғой!

– Жоқ, қазір ұша алмаймын. Ұшуды ұмытып қалдым.

– Бірде теңізде шомылып жүргенімде, маған акула шапты. Мен оны жұдырықпен бір қойдым. Ол болса, менің басымды жұлып алып, жұтып қойды, – деді Миша.

– Өтірік деп осыны айт!

– Шын!

– Онда сен неге өліп қалмадың?

– Неге өлуім керек? Жағаға жүзіп шықтым да, үйге кеттім.

– Бассыз ба?

– Әрине, бассыз. Маған бастың не керегі бар?

– Сен сонда бассыз қалай жүрдің?

– Бассыз қалай жүрдің дейді ғой. Немене бассыз жүруге болмай ма?

– Ал қазір сенің басың бар емес пе?

– Онда тұрған не бар? Бұрынғының орнына басқа бас өсіп шықты.

«Қатырып кетті» деп ойлады Стас. Ол келістіріп өтірік айтудан Мишадан да асып түскісі келді.

– Бірде мен Африкаға барғанымда мені қолтырауын жеп қойды, – деп әңгімеге шоқ тастады Стас.

– Құй қырық өтірікті! – деп мәз болып, қолын шапалақтады Миша.

–  Түк өтірігі жоқ.

–  Онда сен қазір қалай тірі жүрсің?

–  Сосын ол мені түкіріп тастады.

Енді Миша ойланып қалды. Қайтсе өтірікті қиыстырып, Стасты қатырар екен...

– Бірде мен көшеде келе жатыр едім. Айнала қаптаған трамвай, автобус, жеңілі керек пе, жүк таситыны керек пе, әйтеуір автокөлік өріп жүр, – деп ол бастай беріп еді:

– Білем, білем, – деп өзеуреді Стас.

– Қазір сені трамвай басып кетеді. Сен бұл өтірігіңді кеше айтқансың.

– Жоқ, бұл басқа оқиға.

– Жарайды, соға бер, суайтым.

– Сонымен жағам жайлауда жайбарақат келе жатсам, алдымнан автобус атып шықты. Байқамай бастым да кеттім. Ал керек болса, автобустың төбесі жермен жексен болып жапырылды да қалды.

– Ха-ха-ха! Сен де өтірікті соғады екенсің.

– Қай жері өтірік?

– Сен өзің түймедей болып, түйедей автобусты қалай басып кетесің?

– Ей, ақымақ, ол ойыншық автобус қой. Оны менен де кішкентай бала сүйреп келе жатты...

– Ал мен болсам, бірде Айға ұштым, – деп бір лепірді Стас.

– Мен емес, өзің өтірікші екенсің.

– Немене, сенбейсің бе?

–  Ал жақсы. Немен ұштың?

– Зымыранмен. Айға басқа немен ұшатын еді? Соны да білмейтін кісіше...

– Жақсы, Айда не көрдің?

– Айда не көрдің дейсің бе?.. Стас сөзден тосылып, міңгірлеп қалды да:

– Ештеңе де көрген жоқпын, – деді жұлып алғандай.

– Сен жаңа ғана Айға ұштым деп едің ғой, – деп аң-таң қалды Миша.

– Ұштым, несі бар?

– Онда неге ештеңе көрмедің?

– Өй, мен түнде түсімде ұштым ғой. Қараңғы болды, ал қараңғыда өзің не көресің? Ғарыш кемесіне отырдым да, Айға бет алдым. Ұшып келемін, ұшып келемін, ұшып келемін... Сосын ұшудан ішім пысып кетіп, жерге оралдым да, оянып кеттім...

– Сен түсімде ұштым деп неге бірден айтпадың? – деп даурықты Миша.

Екеуі осылайша бірі-біріне жеңістік бермей, өтірікті суша сапырып отырғанда олардың ту сыртынан көрші тұратын Игорь келіп біраз тыңдап тұрды. Ақыры оның шыдамы таусылса керек:

– Екеуің біріңнен бірің өткен суайт екенсіңдер. Ұят емес пе? – деді.

– Несі ұят? Біз ешкімді алдаған жоқпыз, – деді Стас. – Әшейін ертегідегідей оқиға ойлап тауып отырмыз.

– Ертегі! – деп мұрнын шүйірді Игорь.

– Ермекті тапқан екенсіңдер.

– Сенше оқиға ойлап табу оңай ма?

– Одан оңай ештеңе жоқ!

– Ал жақсы. Ойлап тап та, айта бер.

– Қазір... – деді Игорь. – Мінекей...

Екі дос шынымен қуанып кетті. Тың оқиғаны тыңдауға құмартып, елең ете қалды.

– Қазір, – деді тағы да Игорь. -І-і-і... і-і-ім, і-і-ім...

– Бастасаңшы енді.

– Қазір! Ойланып алайын.

Тағы да, -І-і-і... і-і-ім, і-і-ім... деп алып басын қасып қойды Игорь.

– Болсаңшы, енді. Оқиға ойлап табу бәрінен оңай деп едің ғой!

– Қазір... А-а-а, міне! Бір рет мен итті әдейі ызаландырып едім, ол мені аяғымнан қауып алды. Көрдің бе, тіпті аяғымда тыртық қалды.

– Осы ма ойлап тапқаның?

– Мен ештеңе ойлап тапқаным жоқ. Оқиға қалай болды, солай айтып бердім.

– Ал сен қиыннан қиыстыруға шебермін деп едің ғой. Көрдің бе, өтірік айту да өнер.

– Сендер сияқты бостан босқа өтірікті суша сапырғаннан не пайда? Мен кеше бір рет өтірік айтып едім, соның пайдасын көрдім.

– Қандай пайдасын?

– Кеше кеште папам мен мамам қонаққа кетті. Біз қарындасым Ира екеуміз үйде қалдық. Ира ұйықтағаннан кейін мен буфеттегі бір кәсе тосапты бір өзім соғып алдым. Сосын мамам маған ұрыспау үшін Ираның ерніне тосаптың жұғынын жағып қойдым. Мамам қонақтан келгесін «Тосапты тауысқан кім?» – деп сұрады. Мен «Ира», – дедім. Оның бет-аузы тосаптан шырыш-шырыш болғандықтан мамам маған сенді. Бүгін таңертең ол Ираға ұрысты да, ал мен тағы тосап жедім. Міне, өтіріктің пайдасы!

– Сенің кесіріңнен қарындасың ұрыс естіді. Сен соған мәзсің бе?

– Онда тұрған не бар?

– Өзің нағыз суайт екенсің ғой.

– Мен емес, суайттың көкесі сендерсіңдер!

– Тайып тұр, бұл жерден! Сендей жылпоспен дос болмаймыз.

– Сендердей қырық өтірікшілермен мен де дос болмаймын.

Игорь кеткесін, бұлар да көп отырмай үйлеріне беттеді. Жолай олар балмұздақ сататын лашықтың жанынан өтіп бара жатып кідірді. Екеуі қалталарын қайта-қайта ақтарғанымен, бар болғаны бір-ақ балмұздаққа жететін тиын-тебен құралды. Сатушы оларға таяқшасы бар балмұздақ ұсынды.

– Кеттік үйге барып, пышақпен қақ бөліп алайық, – деді Миша.

– Кеттік.

Кіреберісте олар Ираға кезікті. Оның жылағаны көзінен көрініп тұр еді.

– Не болды саған? – деп сұрады Миша.

– Мамам ойнауға шығармай қойды.

– Неге?

– Тосап таусылып қалғаны үшін. Бірақ оны жеген мен емес. Игорь жеп тауысып, маған жаба салған сияқты.

– Игорь жеп тауысқан. Оны мақтанып өзі айтты бізге. Кеттік, – деді Миша.

– Біз қазір балмұздақ бөлеміз. Мен саған өз үлесімнің жартысын беремін.

– Ал мен дәмін көремін де, қалғанының бәрін саған беремін, – деді Стасик.

– Сендер өздерің жемейсіңдер ме?

– Жоқ. Біз бүгін он стақаннан жеп алдық, – деп желпінді Стасик.

– Балмұздақты үшке бөлейік, – деген ұсыныс айтты Ира.

– Дұрыс, – деп бірден қостай кетті Стасик.

– Әйтпесе, бәрін сен жесең, тамағың ауырады ғой.

Сөйтіп олар ақыры бір балмұздақты үшке бөлді.

– Тәтті екен! – деді Миша.

– Мен балмұздақ жегенді қатты жақсы көремін. Бірде бір шелек балмұздақ жегенім бар.

– Соқ, өтірікті! – деп мәз болды Ира.

– Сенің бір шелек балмұздақты бір өзім жедім дегеніңе кім сенеді?

– Ой, ол стақаннан да кішкентай, қағаздан жасалған, үлкендігі оймақтай ғана шелек болатын...

 

Николай Носовтың шығармасын орыс  тілінен аударған:

Бауыржан Ғұбайдуллин

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале