Бүгін аудан орталығында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. «Отбасы банк» АҚ арқылы берілген баспаналар көпбалалы отбасыларға табысталып, тұрғындардың көптен күткен арманы орындалды.
Салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Меңдіжанұлы Молдашев және ауыл тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуге, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған саясаты жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Тұрғын үй кезегіндегі отбасыларға баспана кілтінің табысталуы соның айқын дәлелі.
Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтап, бұл игі бастама аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі екенін айтты. Сондай-ақ тұрғын үйлерді сапалы әрі заманауи талаптарға сай салып берген мердігерлерге ризашылығын білдірді.
Салтанатты рәсімде жаңа пәтерлердің кілттері көпбалалы отбасыларға табысталды. Атап айтқанда, Казталов ауылынан Гүлмира Серікқызы, Нұрғаным Тинелбайқызы, Алмагүл Қанатқызы, Жалпақтал ауылынан Ардақ Ахметқызы Сатиеваға жаңа баспана кілті табысталды.
Жаңа қоныс иелерінің қуанышына ортақтасқан ауыл тұрғындары бұл игі істің әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі екенін айтып, мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдірді. Ауыл тұрғындары атынан еңбек ардагері, кәсіби медиатор Марат Харесұлы ақ батасын беріп, жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін жеткізді.
Асылбек НӘСІПҚАЛИҰЛЫ