Ұлттық қолөнер ұлықталып, төрден орын алуы тиіс деп жиі айтылады. Алайда біз оны қалай жүзеге асырып, шынайы қадірін қаншалықты бағалап келеміз?

Осы сауалға жауап іздей жүріп, ұлттық өнердің жанашыры, өз ісінің шебері Нұргүл Сисеновамен жүздестік.
Ол шашақ, өрмек, термебау, басқұр және алаша тоқуды дәріптеп, атадан балаға мирас болған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Оның әрбір туындысынан ұлттық нақыш пен дәстүрге деген құрмет анық байқалады.
Нұргүл Құдакелдіқызы 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданының Жылға ауылында өмірге келген. Бала кезінен әжесінің қолөнермен айналысқанын көріп өсіп, ұлттық өнерге деген қызығушылығы ерте оянады. Әжесінен алған тәлім мен өнеге оның қолөнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, кейін бұл істі өмірлік мақсатына айналдыруына себеп болды.
Жарты ғасырға жуық еңбек жолынан кейін зейнеткерлікке шыққан шебер бұл күндері де қолөнерден қол үзген емес. Керісінше, бос уақытын басқұр, термебау, алаша және басқа да ұлттық бұйымдарды тоқуға арнап, кейінгі ұрпаққа үйретіп келеді.

– Жаңақала ауданынан Орал қаласына 2020 жылы қоныс аударып, түрлі қолөнер көрмелеріне қатыса бастадым. Алғашында орамал кестелеп, бисерден моншақ жасап, шәлі, шұлық тоқып, тақия мен сөмке тігумен айналыстым. Кейін 2021 жылы құрақ құрау курсын тәмамдап, құрақ көрпе тігу және қыз жасауын әзірлеуді қолға алдым. Дегенмен менің бар ынта-ықыласым алаша тоқу өнеріне ауады да тұрады. 2023 жылдың көктемінде Оралдан екі адам болып Бурабайға құрақ көрпелерімізбен көрмеге бардық. Сол жерде термебау тоқудан шеберлік сағаты өтті. Сабаққа он шақты адам қатысты. Шебер барлық тәсілді егжей-тегжейлі түсіндіріп, әр кезеңін мұқият көрсетті. Мен басынан аяғына дейін бір сәтке де тапжылмай, бар зейініммен тыңдадым. Сабақ аяқталған соң қатысушылар тарап кетті, соңында мен ғана қалып, шебермен тілдестім. Өнерге ерекше қызығушылық танытып жүргенімді айттым. Сонда шебер тоқыла бастаған алашаны маған сыйлап, жұғысты болсын деп ақ тілегін арнады. Алайда сол алаша екі жыл бойы тоқылмай тұрды. Себебі оны қалай дұрыс құрастырып, тоқуды әлі толық меңгермеген болатынмын.
Кейін Instagram желісі арқылы ізденіп жүріп, Ақтөбедегі белгілі шебер Бұлбұл Қәпқызынан тәлім алуға бел будым. Екі күндік курсқа қатысып, оған 150 мың теңге төледім. Әрине, екі күн мен үшін жеткіліксіз болды. Дегенмен оған дейін жинаған азды-көпті тәжірибемнің арқасында курс аяқталған соң, алаша тоқу технологиясын меңгеріп, осы өнермен тұрақты түрде айналыса бастадым, – дейді қолөнерші Нұргүл Сисенова.
Шебердің қолөнерімен жақынырақ танысу үшін «Ел ырысы» базарындағы шеберханасына арнайы бардым. Есіктен кірген сәттен-ақ мұрынға қазақы киіз үйдің аңқыған иісі келіп, бір сәт өткен ғасырдың тынысын сезінгендей әсерлендік. Киіз үйдің керегесі мен төбедегі шаңырақ, көздің жауын алатын құрақ көрпелер, өрнекті жастықтар, шапандар мен сан түрлі тоқымалар ұлттық нақышты айқын танытып тұр.
Шеберханадағы әр бұйымның өзіндік тарихы бардай көрінеді. Шоқ самаурын, келі-келсап, құрт жаятын талдан тоқылған табақша, ұршық, жіп иіретін құрал секілді көне тұрмыстық бұйымдар келушілерді ата-бабамыздың дәуіріне жетелеп, қазақтың бай қолөнер мұрасымен қауыштырғандай әсер сыйлайды.

– Тоқу – үлкен шыдамдылықты, ұқыптылықты және жоғары шеберлікті талап ететін өнер. Әрбір жіптің түсін үйлестіру, ою-өрнектің мәнін сақтап, тоқу тәсілін дәл орындау – мол тәжірибе мен талғамның көрінісі. Сондықтан мұндай қолөнер туындылары тұрмыстық бұйым ғана емес, халқымыздың ұлттық мәдениеті мен рухани мұрасының ажырамас бөлігі ретінде ерекше бағаланады.
Осы өнерді жастар көрсе, білсе, үйренсе екен деген ниет мені үнемі алға жетелейді. Көпшілік біле бермейтін бұл қолөнер түрін көрмелерде насихаттап, шеберлік сағаттарын өткізіп, үйретуден жалықпаймын. Шеберханадағы дүниелердің барлығын өз қаражатыма сатып алдым. Зейнетақым түскен сайын біртіндеп киіз үйдің керегесін, кейін шаңырағын алдым. Енді уықтарын сатып алсам, нағыз киіз үй дайын болады. Оның ішін өз қолымнан шыққан бұйымдармен безендіріп, осындай ұлттық бұрыш жасақтадым. Келушілердің қызығушылығы ерекше. Көріп, тамашалап қана қоймай, қолөнердің қыр-сырына қанығып, сұрақтарын қойып жатады, – деді Нұргүл Құдакелдіқызы.

Шеберханада ісмер бізге басқұр мен алашаның түрлерін таныстырып, олардың бойындағы ою-өрнектердің мәні мен ерекшелігін сипаттап берді. Термебауларды шапанның өңірі мен жеңін сәндеуге, ұлттық нақыштағы сөмкелер жасауға, сондай-ақ тақияның жиектерін әшекейлеуге қолданатынын айтты. Одан бөлек, шашақтың да мән-мағынасына ерекше тоқталды.

Оның айтуынша, шашақ – жай ғана сәндік бұйым емес, терең танымдық мәні бар ұлттық өрнек. Шашақтың жоғары бөлігі ата-анаға баланса, төмен қарай таралған шашақтары ұрпақтың көптігін, әулеттің өсіп-өркендеуін, береке мен бірлікті білдіреді. Осындай символдық мағынасы арқылы шашақ қазақ халқының отбасы құндылықтары мен ұрпақ сабақтастығына деген көзқарасын айшықтайды.

Кейіпкеріміздің қолөнері мен шығармашылығын бір әңгімеге сыйғызу мүмкін емес. Сегіз қырлы, бір сырлы шебердің қолынан келмейтін іс жоқ десек, артық айтқандық емес. Оның әрбір туындысынан ұлттық өнерге деген шынайы сүйіспеншілігі, ата-баба мұрасына деген құрметі мен жанашырлығы анық аңғарылады.
Ұлттық қолөнердің қадірін терең түсініп, оны заман талабына сай дәріптеп жүрген Нұргүл Құдакелдіқызы үшін бұл – жай ғана кәсіп емес, ұлттың рухани мұрасын сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау жолындағы өмірлік миссия. Осындай жандардың еңбегі арқылы халқымыздың төл өнері жаңғырып, ұлттық құндылықтарымыздың ғұмыры ұзара беретіні сөзсіз.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»