Ісі озық ағаның етегін баспа, жолын қу,
Болайын деп тұрған баланың бетін қақпа, белін бу,-деп халық даналығында айтылғандай өз заманында өзгелерден адал еңбек, терең ой, тынымсыз тірлігімен ерекшеленген «Құрмет Белгісі» орденінің иегері марқұм Құбай (Құбайдолла) Қабиұлын еске алуға арналған әдемі шараның куәгері болдық.
Мақала тақырыбында көрсетілген тақырыппен Жалпақтал Мәдениет үйінде өткен шараның шымылдығын жергілікті өлкетанушы, тарихшы журналист Жалпақтал архив филиалының директоры, «Әділет» партиясы Жалпақтал ауылдық округі бойынша бастауыш партия ұйымының төрағасы Миржан Қарабалин ағамыз ұстады. Құбай атаның Фәни дүниеге келгеніне 100, бақилық болғанына 40 жыл толған сәтіне орай ұйымдастырылған іс-шараға марқұмның көз-көрген үзеңгілес іні-қарындастары, құда-жекжаттарымен ауылдастары қатысқан әдемі сыр-сұхбат кеші болды.

Бұрынғы Фурманов ауданының өңірінде ұжымшар-кеңшар өндірісінің алға басып, ферма басқаруда алдына жан салмаған ұйымдастырушы атамыздың көзін көрген Нағым Ризуанов, Жүсіп Жақыпов, Болат Бекешев, Адам Имашев сынды ардагер аталарымыз сөз тізгінін алып, әдемі естеліктерімен бөлісті. «Ақкөл», «Қараөзен» кеңшарларының ізіндегі фермалардың өмірлерінен естерінде қалған есті әңгімелерін айтты. Өнерлі әулет атанған Қабиевтер әулетінің арғы-бергі өмірлерінен экран арқылы бейне шолу көрсетілді. Құбай атамыздың немере-жиендері Әділ Жесенбаев, әншілік өнерімен тұтас өңір халқына есімі жақсы танылған Азат Қабиев ағаларымыз әдемі әндерін орындап сыр-сұхбат кешінің мәнін ашты.

Шараны жүргізген Миржан Маратұлы Құбай атаның өмірімен қызметін, еңбектегі жетістіктерін фермалардың табыстарын нақты дәлелді деректермен баяндап, жиналған ағайынды ауыл тарихынан құлақтандырып отырды. Іс-шара соңында Құбай атамыздың тұла бойы тұңғышы ауданымыздың Құрметті азаматы, «Қыз Жібек» термешілер «Шапағат» әжелер, «Қабиевтердің» жанұялық ансамлінің негізін қалап өнер ұжымдарының біріктіруші ұйтқысы болып жүрген Баян Құбайқызы сөз алды. Адал еңбегінің арқасында есімі ел жадында қалған абыз әкесі туралы әдемі лебіздерімен бөліскен алдыңғы толқын ағаларына шашбауын көтеріп шараға келген ауылдас аға-апаларымен құда-жекжат, дос-жолдастарына деген ыстық ықыласын білдіріп, шын жүрегінен алғысын жеткізді. Әкесі Құбай атамыз бен анасы Сәбилә әжеміздің өмірлерінен қызықты эпизодтарын айтып, көпшілік жиналған қауыммен ой бөлісті. Адам ұрпағымен мың жасайды,-демекші Құбай Қабиұлындай өнегелі де, тәрбиелі ұл-қыз тәрбиелеген аға буын аталарымздың есімдері заман ағымымен бірге жаңғыра береріне бек сенімдіміз. Таулар алыстаған сайын биіктей береді.
Әдемі Жасұланқызы,
Газет тілшісі