Жаңа оқу жылы қарсаңында Казталов ауданына қарасты «Жадыра» балабақшасы өз жұмысын бастады. Бұрынғы ғимараттың апатты деп танылуына байланысты бөбекжай заңды мекен жайын өзгертті.
Балабақша қазіргі таңда Казталов мектеп-лицейі жаныңдағы интернат ғимаратының екінші қабатына орналасты.
- Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, ешқашан қателеспейміз. Балабақша жабдықтармен толық қамтылған. Өз жұмысын қайта бастағалы тұрған бөкбекжайымыз 50-ге тарта бүлдіршінді қамтиды. Балабақшада 22 қызметкер жұмыс жасаса, оның 10-ы педагогтар, - дейді балабақша меңгерушісі Венера Сәбитқызы.
Бөбекжайдың ашылу салтанатына қатысқан Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов пен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева ата-аналар мен балақайларды құттықтап, балабақша ұжымына сәттілік тіледі.
Ата-аналар мен бүлдіршіндердің мерейін асырған ашылу салтанатында концерттік бағдарлама ұсынылды. Қазақы салт-дәстүрі келіскен шарада шашу шашылып, ауыл ақсақалы Исатай Халиуллин болашақ ұрпаққа ақ батасын берді.
Райымбек Саматов,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz