Жастар мәдениет үйінде БҚО Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдерінің қатысуымен «Тіл – тұтастық туы» атты байқау өтті. Шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.
Ол ұлттар арасында мемлекеттік тіл саясатын насихаттай отырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, сөйлеу, ойлау сауаттылығын қалыптастыру, салт-дәстүрлер арқылы қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, сөздік қорын байытуды мақсат тұтты. Байқауға орыс, неміс, шешен-ингуш, татар, украин, әзірбайжан ұлттарынан және «Тіл – мұра» қоғамдық қозғалысынан құралған алты команда қатысты. Олар қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы біліктерінен сайысқа түсіп, дәстүрлі тағамдар даярлады. Байқаудың өне бойында пандемияға байланысты сақтық шаралары қатаң сақталды. Тартысты да тартымды өткен байқаудың бас жүлдесін БҚО ҚХА «Тіл – мұра» қоғамдық қозғалысы иеленді. Үшінші орынды Орыс этномәдени бірлестігі мен «Хаймат» неміс бірлестігі, екінші орынды «Еднання» украин қоғамы мен Татар этномәдени бірлестігі,бірінші орынды «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі мен «Бірлік» әзірбайжан орталығы мүшелерінен құралған «Достық» командасы қанжығаларына байлады. Осынау айтулы шараны Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырды.
Рафхат Халелов,
Орал қаласы