31.08.2021, 10:45
Оқылды: 27

Екпе – елге қорған

Тамыз айында құрылған «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшелері еліміздің өңірлерінде коронавирус індетіне қарсы салынатын екпе жұмысын кеңінен насихаттауда.

210830184420154a3830041i

Азаматтық штаб құрамында қоғам белсенділері, медицина мамандары, кәсіпкерлер мен сарапшылар бар. Таяуда штаб өкілдері Орал қалалық мәдениет және демалыс саябағында жергілікті дәрігерлермен, еріктілермен, кәсіпкерлермен, мектеп басшыларымен және жұмыс берушілермен кездесті. Жуырда өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген «БҚО-да екпе егу бойынша жұмыстар және екпе алмағандардың инфекцияны жұқтырып алу қаупі туралы» брифингте бірлестік белсенділері облыстағы эпидемиологиялық ахуалға қатысты жүргізіліп жатқан іс-шараларға баға берді.

«Ел үшін егілемін» коронавирус індетіне қарсы күрес жөніндегі азаматтық штаб мүшесі Рахым Ошақбаев Қазақстанда қатерлі дерттің таралуы, былтырғы кезеңге қарағанда, ушыға түскенін айтты. Мәселен, 2020 жылдың тамыз айының 15-інде коронавирусқа шалдыққан 1,2 мың адам есепке алынса, биыл бұл көрсеткіш алты есе көбейіп, тәулігіне 7,5 мың жағдай тіркелуде. Індет кесірінен адам өлімінің көбеюі жөнінен Қазақстан әлем бойынша алдыңғы ондықта тұр. Шілде айына қарағанда, тамызда екпе алып жатқандар саны күрт төмендеді. Рахым Ошақбаевтың сөзінше, тұрғындар дер кезінде вакцина алып үлгермесе, ұжымдық иммунитет әлсіреп, індет штамдарының мутациялық қабілеті күшейе түседі. Соның салдарынан сылбыр жүзеге асқан жалпыхалықтық екпе жұмысы ешқандай нәтиже бермеуі мүмкін. Азаматтық штаб вакциналауға қатысты облыс әкімдіктерінің коронавирусқа қарсы іс-қимыл барысын саралауда. Тұрғындардың екпе алуға деген белсенділігі бойынша БҚО-дағы ахуал мәз емес.

Брифингте Рахым Сәкенұлы «Ел үшін егілемін» штабының жұмыс жоспарын таныстырды. Белсенділер тобы үгіт-насихат жұмысын күшейту үшін вакцинацияға қатысты нақты ақпарат беретін сайт ашпақ. Білікті эпидемиологтар мен дәрігерлер кеңес беретін вебинарларды тұрақты өткізбек. Отандық «QazVac» екпесіне жүгінуді кеңінен насихаттамақ. Брифингке қатысқан ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев «Ashyq» жобасына бизнес нысандарының қатысуы, карантиндік шектеудің маңызы, облыстың вакцинамен қамтылуы туралы баяндады. Одан басқа скайп арқылы тікелей эфир желісіне қосылған «Ел үшін егілемін» азаматтық штабының мүшелері – эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева, еріктілер көшбасшысы Саида Тәуекелева, репродуктолог Вячеслав Локшин, Қазақстан заңгерлер одағының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының төрағасы Серік Беркамалов екпе жұмысына қатысты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді.

 

Нұрлан Ғаппар,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале