9.09.2021, 9:38
Оқылды: 166

Үлгілі офицер – өнегелі отбасы

Отан отбасынан басталады. Отбасы шағын ғана мемлекет болғандықтан жанұяның берекелі бірлігі мен тірлігі әр баланың болашағына ықпал етеді. Сол себепті де отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі саналады.

_ЕСЖАНОВ ОТБАСЫ (6)

Шаңырақ шаттығын ойлаған жан отбасындағы жарын, балаларын сүйеді, өзгеге үлгі көрсетеді. Сол сүйіспеншілік айналасындағыларды, туған-туыстарын, жақын жандарын жақсы көруге, бауыр басуға ұласады. Мұның арғы жағынан Отан деген үлкен ұғым шығады.

Өнегелі отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейрімді ана, жадыраған балалар келеді.Олар айналасындағыларға үлгі көрсетіп, қазақи қылықты дәріптеп, жалпы қоғамға өз пайдасын тигізуде.

Ұлттық ұлан әскерінде де қызмет атқарып, Отан алдындағы борышын орындауда отбасымен бірге жанұяның да Отанның да берекесін ұйытқан  өнегелі жас  отбасылар да аз емес.

Бүгінгі әңгімеге арқау болатынОрал шаһарындағы 5517 әскери бөлімінде ортасына сыйлы, әріптестері құрметтейтін жас өнегелі жанұяларды бірі әскери қызмет қауіпсіздігінің аға офицері, капитан Алмат Есжановтың  шаңырағы.

 «Балдай тәтті балалық шақ»

Кейпкеріміз Абдімұрат әкемізбен Даража анамыздың  отбасында  екінші перзенті болып Қарағанды облысы Теміртау қаласында 1990 жылы дүниеге келген. Ата-анасы металлургия  саласында жұмыс жасайды.

Анамыз бен Асқар тау әкеміз бала тәрбиесінде жанұянының орны ерекше екендігін түсініп, балаларының ер жетіп өсуі, бойына адамгершілік қасиеттері орнауы, отбасынан басталатынын  біліп үлкен ұлы Абзал мен Алматтың бойына мейрімділік, адамгершілік қасиеттерін дарытып,  өз Отанын ,елін, жерін отбасын суюге тәрбиелеп өсірген.

_ЕСЖАНОВ ОТБАСЫ (7)

Әрине, балалық шақ, балдай тәтті қайта оралмас шақ, шіркін ең тамаша кезең шығар әр адамның өміріндегі. Әке-анасының  ыстық құшағы, жылы сөздері, тәтті кәмпиттері мен ақ дастарқаны, бәрі бәрі Алланың мейіріміндей.

Осыдан болар ұлдары Абзал мен Алмат бала кезінен ата-анасының айтқанын тыңдап ақылды, тәрбиелі, бауырмашыл болып өседі. Алмат жеті жасқа толғанда Теміртау қаласындағы №15 қазақ гимназиясына 1сыныпқа қабылданып мектеп табалдырығын аттайды. Мектеп қабырғасына қабылданған сәттен бастап ол өзінің тәрбиесімен, білімділігімен ұстаздарға өзін жақсы қырынан таныта біледі. Осылайша мектепте оқып жүріп, мектепте өткізілетін мәдени-спорттық іс-шараларға белсене қатысып, мұғалімдердің сенімінен шығып, белсенді оқушылардың біріне айналады.

Алмат мектеп қабырғасында оқып жүргенде дзю-до және футболмен белсенді айналысады. Алайда, футболға деген сүйіспеншілік көбірек болып, Теміртау қаласының жастар командасының құрамында ойнайды.

Осылайша мектеп қабырғасында 9-сыныпқа дейін оқып, 2006 жылы  Қарағанды қаласындағы «Болашақ» колледжіне "Ақпараттық жүйелер" мамандығы бойынша оқуға түседі.

«Әскери қызмет – өмір мектебі»

Сонау 2010 жылы аталмыш оқу орнын бітіріп, сол жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарына шақырылып, Отан алдындағы әскери борышын Алматы қаласында орналасқан №16164 әскери бөлімінде өтейді.

Сол сарбаздық өмірде әскери даярлық оқуда және жауынгерлік қызметте  көзге түсіп, озат танылғаны үшін рота, батальон, бөлім командирлерінің атынан марапатталып мадақтама қағаздарына ие болады. Алмат мерзімдіқ әскери қызметінің соңына қарай әскерді ұнатып, өзінің өмірін әскермен байланыстыру туралы шешім қабылдайды.

Алматтың осындай шешім қабылдап өз-өмірін сардарлық жолмен байланыстыруға бірден-бір себебші болған, ол өзінің взвод командирі әрі тәлімгері аға лейтенант Данияр Малдыбаев еді.

- Мен әскери оқу орнын таңдау кезінде, аздаған қиыншылықтарға кезігіп қандай әскери оқу орнын таңдасам екен деген сұрақ көп ойландырды. Сол сәтте менің взвод командирім маған өзінің ақыл-кеңесін айтып, қандай оқу орнын таңдасаң да әскери институттардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ екенін айтты. Егерде сен әскери форманы киіп офицерлік пагонды тақсаң, сен соған әбден лайықты болуға тиістісің, себебі сен мемлекеттің алғашқы қорғаушысысың деген болатын, мен мұны әрқашан есімде сақтаймын,- дейді капитан А.Есжанов.

Сөйтіп, 2012 жылы Отан алдындағы әскери борышын  адал да абыроймен атқарып болғаннан кейін 2012 жылы Петропавл қаласында орналасқан Ұлттық ұлан әскери институтына "командалық-тактикалық  мамандығы факультетіне оқуға түседі. Әскери оқу орнында оқып жүргенде  мәдени-спорттық шараларға белсенді қатысады. Әсіресе, 4 жыл бойы әскери институттың футбол командасының құрамында ойнайды.

Әскери өмірдің  мансап сатылары

Ал 2016 жылы аталған оқу ордасын озат бағамен тәмамдап шығады да осылайша кейіпкеріміз алғашқы офицерлік лейтенант шеніне қол жеткізеді. Жас сардар өзінің қызметін бірден Орал қаласындағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 5517 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальоны 1 арнайы мақсаттағы ротасының 2 взвод командирі лауазымынан бастайды.

Жауынгерлік қызмет барысында өзін жақсы жағынан көрсетіп, 2017 жылы «Батыс» өңірлігінде жыл сайын ұйымдастырылатын байқау сайысында қатысушылар арасынан ең үздік шығып, «Үздік взвод командирі» атағына ие болды.Сол жылы 1 жедел мақсаттағы ротасының командирі болып, жоғарғы лауазымға тағайындалды. Арада бір жыл өткен соң яғни 2018 жылы 1 жедел мақсаттағы ротасы әскери бөлімнің арасында өздерінің оқу үлгерімімен «Ең үздік» рота болып танылды.

Әскери жауынгерлік қызметтің тапсырмаларын орындауда қарамағындағы жеке құрамы болсын, өзінің лауазымдық міндеті болсын әрқашан жоғары дәрежеде орындап алдыңғы қатардан түспеген.

Жалпы, ротада командирі атқаратын қызметін екінің бірі атқара бермейді. Себебі, рота командирі  бастапқыдан жеке құрамға және материалдық  жауапкершілікке жауапты адам. Сөйтіп, бес жылдан астам уақыт аралығында әскери қызметте жоғары көрсеткіштері үшін капитан Алмат Есжанов, Ұлттық ұлан басшылығы мен әскери бөлім басшылығы тарапынан бірнеше мәрте мараппаталған.

Уақыт өте қызметінде ысылған капитан А.Есжановтың жеке басының дайындығы, тәртіптілігі, кәсібилігі, білім мен шеберлігі қасиеттерін ескере отырып,  бөлім басшылығы 2020 жылғы шілдеде оны жоғары тұрған бөліміндегі әскери қызмет қауіпсіздігінің аға офицері лауазымына тағайындады

Құқық тәртібі әскерлерінде қызмет еткен алғашқы күндерден капитан А.Есжанов білікті, принципті командир ретінде сипатталады, ол керемет ұйымдастырушылық қасиеттерге ие, бағыныштыларды өз міндеттерін үлгілі орындауға бағыттай алады.Өзіне талапшыл, принципті және қол астындағыларға әділ.

- Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бас иген құл болмайды тәртіпсіз ел болмайды» деген сөзді бекер айтпаған. Тәртіп пен тәрбие – тұрақтылық пен татулықтың кепілі. Негізі адам баласы қандайда бір саланы тізгіндесе, оның ең бірінші ойында өзінің ыстық Отанына еліне, жеріне пайдасын келтіруді ойлау керек. Егер өз еліне пайдасын келтірмегеннің өзінде зянын келтірмегені абзал, осы ой үнемі санамда жаңғырып тұрады. Біздің елімізде болашақта жақсы маман иесі боламын, еліме бір пайдамды тигіземін деген жастарға мүмкіндік көп, мемлекет тарапынан барлық жағдай мен көмек жасалынған. Енді қараңыз, мемлекет тарапынан жасалынған көмектің бәрін алып, оның қайтарымы бар екенін біз кейде ұмытыпта кетеміз. Негізі әр алған заттың қайтарымы бар емес пе? Сол себебті жасаған әрбір өзіміздің жұмысымызды, менің мемлекетке қосқан үлесім деп, елім үшін деп жасасақ, сонда ғана біз өз биігімізде қала аламыз, –дейді офицер жігіт Алмат  Абдімұратұлы.

«Отбасым – бақыт мекенім»

Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр бір адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек. Отбасы–Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекен.

_ЕСЖАНОВ ОТБАСЫ (1)

Алмат пен Айкен – осыдан үш жыл бұрын шаңырақ көтерген жандар. Ол кезде  Алмат аға лейтенант еді. Айкен жүрегін жас офицер бірден баурап алады. Ақыры, екеуі бас қосып, кейінгі өмірге қадам басады. Осылайша бір үйдің гүлі әскери ортаға тап болады.

Әскери орта. Әскери тәртіп. Әскери қызмет. Осының бәрін жолдасының жанында жүріп көзбен көреді. Ыстық-суығына бірдей төзеді.

-Жас жұбай боп өмірге бір қадам басқанымыз әлі де есімде. Басында ортаға сіңу, ортаны білу, түсіну сәл қиын болды. Кейін үйренісіп кеттім. Қазір біте қайнасып кеттім десе болады. Әрине, кез-келген отбасында ең бастысы–татулық, сыйластық, жанұя мүшелерінің бір-біріне деген махаббаты, қолдау және төзім болса, бұл отбасы ең бақытты әрі алар асулары көп болады деп есептейміз. Міне, біздің отбасымызда осындай құндылықтар мен ұстанымдар берік сақтап келеді. Бақыты отбасы болудың да құпиясы осы деп ойлаймыз, - дейді жолдасы Айкен Есжанова.

- Үлгілі отбасы – қоғам тірегі. Жұртқа үлгі болу үшін, ең алдымен, өзің үлгі көрсетуің керек. Қызметте алда болып, адал еңбегіңнің жемісін көруге ұмтылу қажет. Біз жұбайым екеуміз бір-бірімізді қас-қабағымызға қарап ұғынамыз. Нәтижесінде іргесі берік отауымыздың болашағына өзіміз жауапты екенімізді білеміз. Отбасылық кұндылықтың ең бастысы-ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сыйластық, - деді шаңырақ иесі.

Есжановтар отбасындағы тыныштыққа осы құндылықтар оң әсерін тигізгеніне күмәніміз жоқ.Бақытты отбасында екі жасар Аян есімді  бүлдіршін тәрбиеленуде.Аян балабақшаға барып жүр. Жарасымды тірліктеріне бұзбай тату-тәтті өмір кешіп жатқан жанұя өз денсаулықтарына баса мән береді.

Иә, отбасылық құндылықтар дәріптеліп, жанұядағы жарасымдылықты арттыра түсетін осындай Есжановтар секілді жас бақытты отбасылар көбейген сайын Отанымыз да көркейе түсері сөзсіз. Алла Тағала еліміздегі әр шаңыраққа бақыт-береке сыйлап, Отанымызды гүлдендіре бергей!

 

Ертуған Әубакир,

капитан

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале