16.09.2021, 22:36
Оқылды: 65

Тұмауды екпемен «тұсаулайық»!

Күн суытысымен, тұмау кең етек жайып, «патшалық» құра бастайды. Ал тұмауды тұсаулайтын негізгі амал – епке алу. Сол себепті жергілікті бюджет есебінен тұмауға қарсы «Гриппол плюс» вакцинасы 66 млн 731 мың теңгеге сатып алынған. Тамыз айында облысымызға 57 000 доза жеткізілсе, қыркүйек айының соңына дейін 11 000 доза вакцина әкелінбек. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев және облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахмановамен өткен баспасөз мәслихатында айтылды. 

14

Мамандардың айтуынша, тұмау мен ЖРВИ (жіті респираторлы вирустық инфекцияның) эпидемиялық кезеңі биылғы қазан айы мен келер жылдың 30 сәуірі аралығындағы уақытқа сәйкес келеді. Осы кезеңде ел-жұрттың жіті респираторлы вирустық инфекциялармен ауруы күрт жиілейді. Елімізде тұмау мен ЖРВИ-ға қарсы жыл сайын тұрғындарды вакциналау жүргізіледі.

– Дәл қазіргі уақытта тұмауға қарсы иммундау науқанын жүргізуге медициналық мекемелер  дайын. Тұмауға қарсы вакциналауға жататын адамдардың тізімі әзірленді. Егу кабинеттері, егу бригадалары жасақталып, олардың иммундаудан кейін қолайсыздық тіркелген жағдайда шұғыл көмек көрсетуге дайындығы қамтамасыз етілді. Эпидкезеңде тұмау мен ЖРВИ белгілері бар науқастарды қабылдауға медициналық ұйымдардың дайындығы (әлеуметтік қашықтықты, егілетін адамдардың ағынын қадағалау, тұмшалар пайдалану, антисептиктердің болуы) жіті назарда.  ЖРВИ және тұмаудың профилактикасы туралы көрнекі ақпараттар (стендтер, брошюралар, парақшалар, плакаттар, тұмаудың профилактикасы бойынша бейнематериалдар көрсету) орналастырылды. Тұмауға қарсы екпе алдымен медицина қызметкерлеріне, денсаулық жағдайы бойынша қатерлі топқа жататындарға, диспансерлік есепте тұратын балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, сәбилер үйіндегі бөбектер, қарттар үйінің тұрғындарына  және екінші, үшінші   триместрдегі жүкті әйелдерге салынады, - деп атап өтті Гүлнәр Мақсотқызы.

Тұмау – бұл тыныс алу  жолдарының зақымдалуымен және жоғары интоксикациямен (ағзаның ауру күйімен) сипатталатын жіті инфекциялық ауру. Инфекция ауа тамшылары арқылы таралады. Кенеттен дене қызуының күрт жоғарылауы, қалтырау, жалпы әлсіздік, бұлшық еттің ауырсынуы, бас ауыруы (әсіресе маңдай тұста), көздің және беттің қызаруы,  құрғақ жөтел, мұрын бітелу тұмаудың белгілеріне жатады. Тұмау антибиотиктермен емдеуге келмейді. Тұмаудың ауыр түрлерін вирусқа қарсы дәрілермен емдеуге болады. Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – вакцина салу, - дейді мамандар.

–  2020-2021 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда ЖРВЖ-мен  35 056 жағдай тіркелді. Бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 5307,07 құрады.  Зертханалық зерттеу нәтижелері бойынша тұмау емес вирустардың айналымы байқалады (парагрипп-3, аденовирус-10, бокавирус-18, РС вирустар-24). Тұмаудың алдын-алудың ең тиімді әдісі – вакцина салу. Жыл сайын облыста халықтың 10 пайыздан астамы тұмауға қарсы екпе алады. Биыл облыста тұмауға қарсы жоспарлы екпе 15 қыркүйекте  басталды. Мұндай әрекет азаматтардың жедел респираторлық аурулар кезінде тұмауға қарсы тұрақты иммунитетті қалыптастыруы үшін жасалады, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Тұмаудың алдын-алу үшін екпеден бөлек халық көп жиналатын жерге бармай, үнемі тұмша қолданып жүрген жөн. Сондай-ақ түшкіріп, жөтеліп жүрген адамдармен байланысты барынша доғару, қолды сабындап жиі жуу, бөлмені жиі желдетіп, ылғалдандыру, С дәрумені бар тағамдарды жиі қолдану шараларын сақтаған дұрыс.

– Маусымдық тұмауға қарсы вакцинация – инфекция жұқтыруды алдын алудың неғұрлым тиімді әрі қауіпсіз әдісі. Тұмауға қарсы вакцинацияның коронавирусқа қарсы вакцинациядан маңыздылығы төмен емес. Өйткені екпе алу арқылы аталмыш дерттің ауыр сипатынан сақтануға болады, - деді баспасөз мәслихатында Гүлнәр Әбдірахманова.

 

Гүлжамал КЕНЖЕҒАЛИЕВА,

zhaikpress.kz

Сурет SN.kz сайтынан алынды

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале