17.09.2021, 9:44
Оқылды: 50

Ана жауапсыз, заң қауқарсыз

Бөкей ордасы ауданының Сайқын ауылдық округі әкімдігінде әйелдер кеңесінің отырысы өтті. 

3

− Соңғы кездері бала тәрбиесіне жауапсыз ата-ана, балаларынан бас тартқан әйелдер, ішкілікке салынған әйелдер көбейгені дабыл қағарлық жағдай. «Келін нақсүйерімен кетіп,  балалар бағусыз қалды. Бізді тыңдар құлақ жоқ. Қолдарыңда билік бар ғой. Бір әрекет істесеңдер екен» деп қарт ана үміт артып келеді. Бірақ қолданыстағы заңда қауқар жоқ. Қолымыздан келгені түсінік жұмыстарын жүргізу ғана. Ол түсінік жұмыстары да 100% нәтиже бермейді. Өткенде балаларынан жаңадан тапқан «махаббатын» артық санаған анамен сөйлестік. Енесі де, жолдасы да келді. Жұбайы: «Балалар үшін өткеннің бәріне көзімді жұмайын, тек келсең болды», – деп тұрса да, әлгі анасымақ балаларын бір көрместен, еш келісімге келместен кетіп қалды. Бұл тек бір жағдай емес. Сайқын ауылы бойынша сегіз отбасы арнайы есепке алынған. Әкесі ішкіш, анасы таяқтан көз ашпайтын отбасында баланың тағдыры, ертеңгі өмірі, мінез-құлқы елеусіз қалып жатады. Ең бірінші, жәбірленуші бала екенін ұмытамыз. Күні ертең сол баланың ұядан көргенін айнытпай қайталайтынын  ескермейміз, - деді кеңеске жетекшілік еткен ауыл әкімі Нұргүл Омарова.

Кеңес отырысына қиындық көрсе де, масылдыққа бой алдырмаған, балаларын аяғынан тұрғызуды басты парызы санайтын аналар арнайы  шақырылған екен. Сол қонақтардың бірі – Қарлығаш  Қадерова. «Басымыздан талай қиындық өтті. Балаларым бірінші орында, ішкіліктен аулақ болдым. Жағдайдың қиындығы, азаматының таяқтауы емес, әйелді түзу жолдан тайдыратын жетесінде жоқтығы ғой. Үлкен қаладағы сияқты дағдарыс орталығы, психолог кабинеті керек. Естір құлақ, шағымданар  жан таба алмағандықтан, бар қызықты да, алдамшы жылуды да қолындағы ұялы телефоннан табады. Сондықтан қиналған жанға қолдау көрсетер орталық  керек», - дейді ол.

− Әйел адам жағдайының нашарлығынан ғана жеңіл жүріске салынбайды. Барлықтан да бұзылады. «Қызға қырық үйден тыйым» жоқ. Үлкені де, кішісі де «шаруаң болмасын, өмір өзімдікі» дейді. Бұрын «елден ұят» деген бір сөзден аспайтын едік қой, - деді Бақытжамал Ғабдуллина.

Ауылдық округ бойынша әйелдер кеңесінің төрайымы Бибігүл Бектелеуова:

− Баласы үшін отқа түсіп, ішкілікке жақындау азаматын адам қылуға  тырысатын әйелдеріміз бүгінде «для себя» өмір сүргенді жөн санайды.  Өзін бірінші орынға қоятын батыс менталитетіне бой алдырғанымыздан ғой. Аналық құқықтан айыра салуға болады. Бірақ салдарын ойлауымыз керек. Анасы қандай болса да, баласы үшін ең аяулы адам сол. Өткеннен мысал айтсам, бізде бір оқушы болды. Анасы ішкілікке жақындау. Анасының өзіне дұрыс қарамайтынын жасыру үшін саудаға деп әкелген көйлектің бірін киіп, «Міне, қараңыз, мамам тап-таза ғып жуып берді» деп бізді алдауға тырысатын. Бүгін баласына қарамай, өткінші се-зімнің жетегімен кеткен ана ертеңгі  күні үлкен өкінішке қалады. Соны жақсылап түсіндірсек, - деп өмірлік тәжірибесімен бөлісті.

− Мұндай жағымсыз үрдістің бәрі ұлттық тәрбиеден, тамырдан алыстағанымызды көрсетеді. Бар мүмкіндікті пайдаланып, арнайы есептегі отбасыларды бақылау, керек кезде қолдау көрсетуді естен шығармауымыз керек. Пандемия кесірінен кей шараларымыз кейінге қалып жатыр. Жұмысымызды жағдайға қарай ширата түссек, - деп қорытты басқосудың түйінін «Нарын шуағы» ҚБ төрайымы Гүлжиян Бисекенова.

Кеңес мүшелері алдағы уақытта тиісті сала мамандарымен рейдке  шығып, арнайы есептегі отбасылармен жұмысты күшейтуге, қиын жағдайға тап болған аналармен жұмысты жандандыруға, тығырыққа тірелген әйелдерді қолдау мақсатында мүмкіндігінше психологиялық кабинет мәселесін шешуді жұмыс жоспарына енгізді.

 

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале