21.09.2021, 11:32
Оқылды: 136

Жаңақала – Жаңақазан автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталған

Жаңақала ауданында соңғы 15 жыл ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 89 коммуналдық-арендалық тұрғын үйлер пайдалануға берілген. Ал 2018-2019 жылдары аудан орталығында 1047 жер телімдеріне сыртқы инженерлік инфрақұрылым желілерін тарту жұмыстары жүргізілген. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жаңақала ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин мәлімдеді.

F9287574-E1B6-4A38-8D6D-331E6CF004C4

– Халықты қолжетімді баспанамен қамту бағытында аудан көлемінде ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Екі мыңыншы жылдардың басынан бастап жеке тұрғын үй құрылыстары үшін халыққа екі мыңға жуық жер учаскелері беріліп, аудан орталығы екі есеге өсті. Ағымдағы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша аудан орталығында үш қабатты 21 пәтерлік және екі пәтерлік 20 тұрғын үй құрылыстары, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында, 204 учаскеге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым желілері салынуда. Көлік инфрақұрылымына қолжетімділікті арттыру мақсатында 2015-2019 жылдары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы кезеңі іске асырылған болатын. Осы бағдарлама аясында ауданда 2013—2017 жылдар аралығында «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» автомобиль жолының Чапаев-Жаңақала учаскесі орташа жөндеуден өтті. Сондай-ақ 2014-2018 жылдары аудан орталығында сегіз шақырым ауылішілік жолдарға асфальт жабыны төселсе, ағымдағы жылы  тағы да сегіз көшеге 6,6 км жол және 6,5 км тротуар құрылысы жүргізілуде,-деді Н.Қарағойшин.

87709CD2-A197-4CFA-98B2-8634A26540E8

Аудан әкімінің мәлімдеуінше, биылғы жылы ұзындығы 61 шақырым болатын Жаңақала – Жаңақазан автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары басталып, 2023 жылға дейін аяқтау жоспарланған.

Күні бүгінге аудан бойынша тоғыз ауылдық округтерге кірме жолдардың барлығы да күрделі немесе орташа жөндеуді қажет етеді. Аудандық маңызы бар жолдар желісін жақсарту мақсатында бірінші кезекте Жаңақала, Көпжасар, Пятимар, Қырқопа, Қызылоба ауылдарының кірме жолдар жөндеуге жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталып, алдағы жылдары қаржыландыру күтілуде. Сонымен қатар аудан орталығындағы 16 көше жолдарын жөндеуге жобалар жасақталуда.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале