Күз келді. Ерте көктемнен бау-бақшасын баптаған теректіліктер еңбегінің жемісін жинап алды. Десек те, жиын-терінмен бақшадағы жұмыстар біте қоймайды. Тағы бір жауапты кезең – тал-теректі қысқы маусымға дайындау басталады. Біз бүгін жеміс ағаштарын жабу жұмыстары жайлы кеңестер жинағымен бөлісеміз.
Бау-бақшаны жинастыру
Ең алдымен жерге түскен жапырақтарды тырнауышпен жинап алу керек. Содан соң тал-терек басында қалған жемістер болса жинап алыңыз. Жолай ағаш діңдері мен бұтақтардың жағдайын байқап алыңыз. Егер оларды зиянкестер зақымдап, ауруға ұшыраған болса, міндетті түрде емдеңіз. Ауруға шалдыққан ағаштардан түскен жапырақтарды ауладан аулаққа шығарып, өртеп жіберген дұрыс. Ал сау ағаштардың жапырағын гүлдерді жабуға немесе тыңайтқыш ретінде қолдануға жинап алуға болады.
Жеміс ағашына жасалатын күзгі күтім
Ағаштарға жасалған күзгі күтім – келесі жылғы мол жемістің кепілі. Сондықтан ағаштарды қысқыға күтімсіз қалдыруға болмайды. Алдымен, ағаштың ескі қабығын, жабысып өскен мүк пен қына болса, алып тастаңыз. Әйтпесе, оның астына зиянкестердің құрттары қыстап шығады да, көктемде жанданып, ағашты зақымдайды.
Ағаштардың бұтақтарын кесу
Аяз басталғанға дейін, жаңбырсыз құрғақ күні жеміс ағаштарының бұтақтарын кесуге болады. Бақша қайшысы немесе арасымен кеуіп қалған, зақымдалған немесе қисық өскен бұтақтарды толықтай кесіп тастаңыз. Содан соң кесілген жерді майлы сыр, мыстың күкірт қышқылы (тотияйын) (1 шәй қасығын 1 литр суға езіп) немесе бақ нұмымен сылап тастаңыз.
Аурулар мен зиянкестерден қорғау
Ағаштарды қысқыға дайындау кезінде оның зең басқан жерлерін байқасаңыз, оған дереу бордос сұйықтығының 3 пайыздық ертіндісін шашыңыз. Коккомикоза, қотыр, ақұнтақ және т.б кең таралған аурулардың қоздырғыштарынан арылу үшін ағаштың басына несепнәр (0,5 кг несепнәрді 10 литр суға) сеуіп тастаңыз. Сондай-ақ несепнәрдің 1 келісін 10 литр суға ерітіп, жеміс ағашын айналдыра құйып шығу керек.
Зиянкестермен күресудің тағы бір тиімді жолы – ағаш діңін айналдыра 20 см тереңдікке айырмен қопарып шығу. Осыдан соң жәндіктердің құрттары жер үстіне шығып қалады да, салқында үсіп, жойылып кетеді.
Ақтап қою
Ағаштарды зиянкестер мен көктемгі күнге күйіп қалудан сақтау үшін ағаш діңін ең төменгі бұтаққа дейін жеткізіп, ақтап қойыңыз. Ол үшін арнайы сатылатын дайын ертіндіні (бақ дүкендерінде сатылады) қолдануға немесе 3 келі әк пен 500 грамм мыстың күкірт қышқылын 10 литр суға езіп, сол қосындымен ағаш діңін ақтап шығуға болады.
Кеміргіштерден қорғау
Қыстың күні қояндар мен тышқандар ағаш діңін кеміріп күн көреді. Соның кесірінен қабығы бұзылып, жалаңашталған ағаштар қыста үсіп кетеді. Ондай жағдай болмауы үшін ағаштың діңін 50-100 см биіктікке жеткізе капрон шұлықтармен немесе кесілген пластик құты, рубероидпен орап тастаңыз.
Құрметті оқырмандар!
Өздеріңіз бау-бақшада қолданып жүрген бап-күтім шараларымен бөлісе отырыңыз.
Осы бағыттағы ақыл-кеңестер, сауал-сұрақтарыңызды аудандық газеттің [email protected] электрондық поштасына жолдаңыздар.
Материалды ғаламтор көмегімен дайындаған: Камелия Өтеу