Қыркүйектің 10-15-і күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласында спорттық бағдарлаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионатқа еліміздің өңірлерінен 9 команда қатысып, командалар сапында 160-қа жуық тәжірибелі бағдарлаушылар сайысқа түсті.
Спорттық бағдарлауға қатысушы командалар «Орта» қашықтық, «Ұзақ» қашықтық, «Бір адамдық эстафета», «Спринт» қашықтықтары бойынша сынға түсті.
Аталмыш ел чемпионатына Батыс Қазақстан облысының командасы құрамында ауданымыздың Жамбыл орта мектебінің оқушылары Сәкен Елжан мен Жасмина Аманғали қатысып, өнер көрсетті.
Қаратөбе аудандық балалар мен жасөспірімдер саяхаты және экология орталығының Еркебұлан Ғабдуллин жетекшілік ететін «Спорттық бағдарлау» үйірмесінің шәкірттері жүлделі орындардан көрінді.
Чемпионатқа тыңғылықты дайындықпен барған спортшылар барлық қашықтықтарда бәсекелестік танытып, жекелеген сында жоғары нәтижемен биік тұғырдан көрінді.
Атап айтсақ, 16 жасар ұлдар арасында Сәкен Елжан “Спринт” қашықтығында ІІ орынды, «Орта» қашықтықта жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Осы чемпионатта Батыс Қазақстан облысының командасының қоржынына 5 алтын, 2 күміс, 5 қола түсті. Жарыс жеңімпаздары медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.
Серікбай Хасанов,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz