Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырып, өткен аптада «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Бөкей ордасы ауданы» атты екі күндік өлкетанушылық-іздестіру экспедициясы ұйымдастырылды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ауданымыздан өтетін теміржол бойы көптеген шабуылдарға ұшырап, оның бойында қарапайым халықпен қатар Қызыл әскер көптеген жауынгері мәңгілікке көз жұмғаны белгілі. Аталмыш экспедиция сол жылдардағы аудан тарихын зерттеу, аудандық музейлерге экспонаттар жинақтау, Шоңай ауылы, Равнинный, №358, №372 разъездерінде қаза тапқан Қызыл Әскер жауынгерлері жерленген орындарын іздестіріп, қазба жұмыстарын өткізу мақсатын көздеді. Оған экспедицияны ұйымдастырушы турим орталығы және мен М-С.Бабажанов атындағы орта мектептің педагогтары қатысты.
Экспедиция нәтижесінде Сайқын ауылының оңтүстік бағытында 12 шақырымда орналасқан бұрынғы №358 разъезд маңында бір жауынгердің мүрдесі табылды. «ОБД Мемориал», «Память народа» сайттарынан алынған құжаттарға сүйенсек, соғыс жылдары аталмыш разъезінде әр түрлі уақытта 46 бөлек темір жол бригадасының 2 адамы қаза тауып, жерленген. Біріншісі қатардағы әскер Еркнелинов Джамон (тегі, аты құжат бойынша). Ұлты қазақ, туған жері Ақтобе облысы, Эмба қаласы. 1942 жылдың 31 қазанында қайтыс болған. Екіншісі Абельхан Эндер (тегі, аты құжат бойынша), қатардағы әскер, туған жері Ордженикидзе аймағы, порт Александровка, қаза тапқан уақыты 1942 жылдың 23 қазаны. Өкінішке орай қазба жұмыстары кезінде құжаттар табылмады. Сондықтан табылған мүрде жоғарыда көрсетілген екі әскердің біреуі болып қалуы әбден мүмкін деген жорамал бар.
Табылған мүрде аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөліміне сақтауға тапсырылды. Мүрде табылғандығы туралы хабарлама аудан әкімшілігіне берілді. Болашақта қайта жерлеу рәсімі ұйымдастырылады.
Айшагүл Ерғалиева,
аудандық туризм және экология орталығының әдіскері