Бүгін ҚР Президенті жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” РММ алаңында «Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі шаралар туралы» баспасөз мәслихаты өтті.
Онлайн түрде өткен брифингке облыс әкімінің орынбасары Айдар Нұралиев, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков, БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев қатысып, өңірдегі эпидахуалды баяндады.
- Облыста жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның зертханалық расталған 27 849 жағдайы тіркелген. 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 4188 жағдайды құрады.
Бүгінгі таңда 22 350 адам емделіп шықты. Егер ауру динамикасына қарайтын болсақ, тамыз айынан бастап айтарлықтай төмендеуді байқаймыз. Мәселен, егер шілде айында 6192 жағдай тіркелген болса, тамызда науқастардың саны 3828 адамды құрады. Сонымен қатар, қыркүйек айында да тамыз айымен салыстырғанда төмендеу күтілуде, - деді брифингте сөз алған А.Нұралиев.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары биылғы жылғы 01 қаңтардан бастап бүгінгі күнге дейін COVID-19 коронавирустық инфекциясынан өңірде 582 адам қайтыс болғанын айтты.
Спикердің айтуынша, екпе салу басталғаннан бері 1-ші компонентпен – 218 050 (60,6%), 2-ші компонентпен 190 469 адам (52,9%) егілгендігін жеткізді.
- Бүгінгі күні медицина қызметкерлері, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер, өнеркәсіптік объектілердің қызметкерлері, вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер коронавирустық инфекцияға қарсы егумен 100% дерлік қамтылған, сондай-ақ жылжымалы егу пункттерінің санын қосымша көбейтіп, теміржол вокзалында, ірі сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында және ірі базарларда автобустар орнатамыз, - деп атап өтті Айдар Нұралиев.
ҚР Президенті жанындағы “Орталық коммуникациялар қызметі” РММ алаңында өткен баспасөз мәслихатында сондай-ақ амбулаториялық емдеудегі науқастар, стационарлардың жүктелуі, науқастарды оңалту, "Ashyq" жобасы шеңберінде және мобильді топ қызметі туралы да деректер айтылды.
Нұрбек Оразаев,
zhaikpress.kz