Жуырда Бәйтерек аудандық "Жас туристер станциясы" және балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бірігіп, спорттық бағдарлаудан "Бәйтерек саябақтары - 2021" атты аудандық жарыс ұйымдастырды.
Бәсекеге Переметный, Янайкин, Өркен, Щапов ауылдарының спортшылары қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа 70-тен астам бағдарлаушы келіпті.
Жарыс ережесіне сай спортшылар «Спринт», «Спринт-2» қашықтықтары бойынша бақ сынады. Бүлдіршіндер мен жасөспірімдер және ересектер бақ сынаған сайыс қорытындысында жалпыкомандылық есепте III орын өркендіктерге, II орын Переметный спортшыларына бұйырса, I орынды Янайкин ауылының бағдарлаушылары қанжығасына басты. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар мен медалдар табысталды.
- Ауданда спорттық бағдарлаудың жақсы дамыған. Облыстық, республикалық, тіпті халықаралық жарыстарда жүлде салған спортшыларымыз бар. Осы жарыс бағдарлаушыларымыздың жақсы бабында екенін көрсетті. Мақсатымыз – елішілік жарыста алдыңғы қатардан көріну. Бәсеке барысында үздік өнер көрсеткендер алда өтетін байрақты жарыстарға баратын болады, - дейді бапкер Нұркен Қасымов.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz