Қаржылық мониторинг агенттігі Оралда автомобильдерге қауіпсіздік хаттамаларын заңсыз беру дерегінің жолын кесті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың өңірдегі тілшісі.
Өткен жылдың өзінде Қазақстанда 13 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апаттардың негізгі себептерінің бірі - техникалық тексеру кезінде анықталуы тиіс автомобильдің ақауы. Сонымен қатар, заңсыз ақшалай сыйақы үшін жалған мәліметтері бар автокөлікті техникалық тексеру туралы сертификаттар мен хаттамалар беру деректері де болып жатыр. Мысалы, Қаржылық мониторинг агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша аумақтық департаменті көлік құралдарына оң қауіпсіздік хаттамасын беруге көмектескені үшін материалдық сыйақы алу дерегінің жолын кесті.
«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлімшесінің қызметкері А.Гавришев 120 мың теңгеге автокөліктерге ҚР ұлттық стандартының талаптарына сәйкес келмейтін қауіпсіздік хаттамаларын берген. Осылайша, жүргізушілерге де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндірген. А.Гавришев ҚК 247-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды.