Бүгін ел Тəуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жəне 1 қазан - Халықаралық қарттар күніне орай аудандық мəдениет үйінде "Қарттарын қадірлеген ел ардақты" атты мерекелі шара өтті.
Салтанатты шарада сөз алған Казталов ауданының əкімі Альберт Есалиев ауданның ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарын айтулы мерекемен құттықтады.
- Қымбатты аға ұрпақ ардагерлеріміз, "Қариясы бар ел - қазынасы бар ел" демекші, сіздердің толайым табысты еңбектеріңіздің, бай тəжірибелеріңіздің, дархан даналықтарыңыздың арқасында ауданымыз біраз жетістіктерге жетті, еліміз дамыды. Сіздер əр салада жемісті еңбек ете біліп, Тəуелсіз Қазақ елінің дамуы жолында тер төгіп, Тəуелсіздігіміздің нығаюына сүбелі үлес қостыңыздар. Мерекелеріңіз құтты болсын, - деген лебізін жеткізді.
Сонымен бірге Альберт Темірболатұлы салтанатты жиынға қатысушыларға ауданда атқарылып жатқан жəне жоспарланған жобалар мен жұмыстар туралы баяндап өтті.
Кезек марапаттау рəсіміне берілді. Аудан басшысы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуовқа "Атаның аманаты" қоғамдық бірлестінің алғыс хатын, өткен еңбек күніне орай "Еңбек жолы" республикалық конкурсының іріктеу кезеңіне қатысқан ауданның бір топ азаматшаларына Батыс Қазақстан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру жəне əлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының алғысхаттарын табыс етті. Ал осы конкурстың аудандық іріктеу кезеңіне қатысқан Лаура Əдиетқызына аудан əкімінің алғысхаты табысталды.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Концертте аудан көркемөнерпаздарының өнерімен қатар Қазақстан Республикасының мəдениет қайраткері, Қазақстан Республикасы композиторлар Одағының мүшесі, əнші-сазгер Əділбек Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі, Қазақстан Республикасы мəдениет саласының үздігі, əнші, термеші, сазгер Баян Қабиева, "Ерен еңбегі" медалінің иегері, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония əншісі Айбар Хайырхановтар жерлестеріне əннен шашу шашты.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz