Бүгін Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы аудандық шығармашылық фестивалі оздырылды. Аудан көлеміндегі мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық өнері арқылы әлеуметтік сауықтыру, сонымен қатар олардың қатарынан дарын иелерін қоғам өміріне араластыру мақсатында ұйымдастырылған шара ән айту, қолөнер туындысын көрсету, көркемсөз оқу және музыкалық аспапта ойнау секілді 4 кезеңді қамтыды.
Аудан бойынша округтерден келген қатысушылар өз өнерлерін көрермендерге паш етіп, тамаша өнер көрсете білді. Нәтижесінде «Эстрадалық вокал» және «Көркем сөз» номинациясы бойынша шыңғырлаулық Жұлдыз Кабиева жүлделі І орын иеленсе, «Үздік жасампаз» номинациясы бойынша Ақбұлақ ауылдық округінен келген Клара Жарылқасова Орал қаласында өтетін облыстық фестивальге жолдама алды.
Фестиваль балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылған спорттық жарысқа ұласты.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz