8.10.2021, 14:58
Оқылды: 40

Ауыл тіршілігін жаңғыртқан «Ауыл LIFE»

Жастардың ауыл мәдениетіне бет бұруы ХХІ ғасырдың тосын жаңалығы дерсіз. Төрт түлік малдың түсін түстеп, атын атау, ет асу, жылқы мініп, құрық салу сынды дүниелер бүгінгі жастарға таңсық. Әйтсе де салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпқа, жалпы ауылдың тыныс-тіршілігіне бейжай қарамайтын жастарымыз да бар. Олардың басын қосқан - «Ауыл LIFE» жобасы.

E996F68D-978E-4B10-84BD-EC34D80806C0

Жуырда ғана бастау алған жоба Теректі, Тасқала аудандарында өтіп, кезек Казталов ауданында да келіп жетті. Қаланың белсенді жастарын ауылдың тыныс-тіршілігімен таныстыруға және салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды насихаттауға бағытталған жоба аудан орталығында салтанатты түрде ашылып, Тереңкөл ауылдық округінде жалғасын тапты.

4 қазан күні «Ауыл LIFE» жобасының ұйымдастырушылары мен қатысушыларын аудандық жұмыс тобы сән-салтанатпен қарсы алып, ақтан, ұлттық тағамымыздан дәм татқызды. Ауылдықтардың ыстық ықыласы мен кең пейілі қалалықтардың көңілінен шығып, жарыса ықыласын білдірді. Сол күні кешкі сағат 19:00-де аудандық мәдениет үйінде арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жобаның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова, дербес бөлім басшылары, Казталов ауылдық округінің әкімі, қоғамдық ұйым өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Екі жылдық үзілістен соң босап қалған көрермен залы, ауыл тұрғындарына есігін айқара ашып, ән мен күйді сағынған, өнерге құрметі шексіз үлкен-кішінің қатары артты. Салтанатты шарада облыстан келген қонақтар өнерлерін көрсетіп, «Мен ауылдың баласы» КТК фестивалінің  облыстық кезеңінен бас жүлде алған «Қосөзен» командасы жұртшылықты салмақты әзілдерімен тәнті етті. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы басшысының орынбасары Аңсар Ибраев жобаның мақсатын атап өтті.

20CA278F-74ED-41CD-B42A-ADA2391CB520

– Жобаның мақсаты -  облысымыздағы белсенді жастарды ауылдық өмірдің тыныс-тіршілігімен таныстыру, қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, белсенді жастардың жаңа қырларын ашу, облыс мақтаныштары мен белсенді жастарымыздың арасында достық қарым-қатынас орнатып, көтеріңкі көңіл күй сыйлау. Жастар сиыр сауу, ет бөлу, қой сою, ас дайындау, ет асу, құрық салу, жылқыға мініп жарысу сынды турларда өзара бақ сынайды. Ал күтілетін нәтиже жастардың ауыл өміріне деген қызығушылықтарын арттыру, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді жаңғырту, облыс жастарын бауырмалдылыққа шақырып, достық қарым-қатынасты нығайту, әр бағдарламадан өздеріне керек маңызды ақпараттарды үйрену, - деді орталық басшысының орынбасары.

Аталған шарада жоба қатысушылары сахна төрінде жеребе суырып, топқа бөлінді. Сөйтіп, 4 белсенді жастан құралған 3 команда сынға түсетіні анықталды. Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы жобаның ұйымдастырушылары мен қатысушыларына ризашылығын білдіріп, ауданымызда жастар саясатын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала отырып, ұйымдастырушыларға аудан әкімінің алғысхаты мен ауданымыздың жеті кереметі бейнеленген естелік сыйлық табыс етті.

Жастардың арасындағы тартысты да қызықты бәсеке 5 қазан күні Тереңкөл ауылдық округінде оздырылды. Таң атысымен «ЖАНА», «Қаладағы ауылдықтар», «Амал» командаларының мүшелері ауыл өміріне білек сыбана кірісті. Нұрын шашып, арайланып шыққан күн қалалық сұлулардың сиыр саууы мен серілердің бұзау тарту өнеріне куә болды. Кейін жастар қой сойып, етін бөлуді меңгерді. Арулар қазанның айналасын торуылдап астың қамына кірісті. Олардың қатарынан облыстық мәслихат депутаты Асел Мырзахметова да табылып, өз пікірімен бөлісті.

-Бұл жобаға қатысуға маған облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы тарапынан ұсыныс түсті. Алғашында қалада туып-өскен менде біраз толқу болғанымен ұсынысты қабыл алып, қазір жобаға қатысып жатырмын. Шыны керек, бүгінгі күн өте тамаша өтуде. Ауылдың тыныс-тірішлігімен, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызбен танысудамыз. Бүгінгі көңіл күй жобаның ғұмырлы болуына сенім білдіреді. Ал қатысушыларымыз өмірлік тәжірибе алып, ұлттық құндылықтарымыз бен болмысымызды насихаттайтын болады деп сенемін. Мен депутат ретінде жастардың бастамаларын қолдауға дайынмын, - деді ол.

   Білекті жігіттер жылқыға құрық салып бақ сынасса, тақымды шабандоздар ат жарысында өнерлерін көрсетіп, өзара мықтыны анықтады. Таң сәріден бесінге дейінгі аралықта өткен тартысты жарыс сәні мен салтанаты келіскен киіз үйде, арулардың ықыласпен дайындаған асынан дәм татумен аяқталды. Командалардың өнеріне арнайы құрылған әділқазы алқалары бағасын берді. Айта кетейік, «ЖАНА» командасында Азамат Аленов, Нұрбек Салауатов, Жадыра Баракова, Айымгүл Нұрлыбекқызы, «Қаладағы ауылдықтар» командасында Бахтияр Ғабдулов, Асел Мырзахметова, Ерген Ақмырза, Айдана Мәдиева, ал «Амал» тобында Қасиет Кәрім, Самат Калитов, Аида Бақытова, Бибінұр Хамитқызы өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде «Қаладағы ауылдықтар» (38 ұпай) ІІІ орын, «Амал» (41  ұпай) ІІ орын, «ЖАНА» командасы (46  ұпай) І орынға ие болды. Ауыл тіршілігін жаңғыртқан жастардың ізгі жобасының басы-қасында болған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы жобаға қолдау көрсеткен Самат Хасанов, Жанатбек Қосов, Айнаш Әлібекқызына алғысын білдіріп, аудан басшылығының жастарды қолдауға дайын екендігін жеткізді. Шара соңында облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Әділгерей Зұлхаров ұйымдастыру алқасы мен қатысушыларға алғысын білдірді. Жарысқа қатысқан командалар арнайы дипломдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале